«MEN QAZAQPYN». Жартылай финалға шыққан соңғы 10 қатысушы өнер көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«MEN QAZAQPYN». Жартылай финалға шыққан соңғы 10 қатысушы өнер көрсетті

02.12.2018

Үш айға созылған өнер додасының мәресі де аяқталуға таяу. «MEN QAZAQPYN» мегажобасының жартылайфиналдық кезеңінің ережесіне сай 20 қатысушы екі топқа бөлінді. 2-ші бағдарламада 10 орындаушы өнер көрсетті.

Алғашқы болып сахна төріне шыққан Алматы облысының әншісі Қайратбек Бектұрсын Әсет Найманбаевың әні «Мақпалды» шырқады. Қайратбектің орындауындағы ән қазылар алқасының көңілінен шықты. «Жақсы әнші. Ән салғанына өте риза болдым», - деді Мырзатай Жолдасбеков.

Келесі болып Алматы қаласының намысын қорғап келген күйші Сырым Шоңбаев өнер көрсетті. Ол Нұрғиса Тілендиевтің «Арман» күйін орындады. Оған қазылар алқасының мүшесі Айгүл Үлкенбаева: «Күйге толыққанды илана алмадың. Шығарманың кіріспесі шикілеу болып қалды. Саған сіңбеген күй секілді. Мен солай қабылдадым», - деген пікір білдірді.  

Қызылордалық термеші Күнсұлу Түрікпен үшінші болып сахнаға шықты. Қ.Құлмырзаевтың «Шын жүйрік емес жауапты» термесін шырқаған өнерпазға қазылар мынадай баға берді:

Ұлжан Байбосынова: Күнсұлу жақсы алып шықты. Бүгінгі орындауы көңілімнен шықты.

Маңғыстаулық Алпысбек Оңалбайұлы А.Керейұлының «Қаражан қыз» әнін шырқап, қазылардың жоғары бағасын алды. «Алпысбектің әншілігіне ешқандай мін тақпаймын. Себебі, ол әнші болып туған бала», - деді Айгүл Елшібаева.

«Күй» номинациясы бойынша бақ сынап жатқан Жәнібек Жәмиев келесі болып сахна төріне шықты. Атыраудың намысын қорғап келген өнерпаз халық күйі «Ақсақ құланды» тартты.

Айгүл Үлкенбаева: Жәнібектің салмақты орындауы менің көңілімнен шықты.

Әлқуат Қазақбаев: Жәнібекті тыңдап жүрміз. Ешқандай мін таба алмайсың. Өнерің шыңдала берсін.  

Жартылай финалға дейін жеткен келесі өнерпаз – Сағынбай Мәлібеков. Ол С.Жанғабылұлының «Әлеумет, келдің құрала» шығармасын орындады. Мырзатай Жолдасбеков өнерпазға: «Бұл Сағынбайдың жүрегінің түгі бар деген сөз. Кейде өңірдегі мектеп жайлы әңгіме қылғанда, оның бүкіл қанға, тамырға, сүйекке сіңетінін айтамыз. Сағынбайдың талабы жақсы. Бірақ, ойдағыдай болған жоқ», деген пікір білдірді.

Иса Байзақовтың «Желдірмесін» шырқаған Моңғолияның Баян-Өлгей өңірінен келген әнші Хадыхан Манай сахна төрінде жетінші болып өнер көрсетті. Оның орындауына қазылар мынадай баға берді:

Мырзатай Жолдасбеков: Хадыханды өткенде де тыңдадық. Нағыз еркекке тән дауыспен айтты. Қоңыр, қою, қазақтың даласындай әдемі дауысы бар. Түбі осы жігітті қазақ ән өнерінің шыңынан көргім келеді.

Айгүл Елшібаева: Хадыханның дауысында кеңдік, қазақы үн  бар екенін естіп отырмын. Өзіңнің басты мақсатыңды, ойыңды айтып жеткіздің деп ойлаймын.

Түркістан облысының күйшісі Шыңғыс Исаев Сүгірдің «Қосбасарын» орындап, қазылардың жоғары бағасына ие болды. «Өте анық болды. Күйдің мазмұны, ойы толығымен берілді. Жоғары баға беремін», - деді Әлқуат Қазақбаев.

Алматылық термеші Әйгерім Әпенова Ә.Кердерінің «Халқыма кеңес жазайын» термесін шырқады. «Бүгінгі орындауы жаман емес. Жақсы орындап шықты деп ойлаймын. Әрі қарай сайыс көрсетеді», деді оған Ұлжан Байбосынова.

Жобада соңғы болып Аяулым Қамажан өнер көрсетті. Астананың атынан сынға түсіп жатқан әнші Майра Уәлиқызының «Бақша» әнін орындады. Оған Мырзатай Жолдасбеков: «Қазақта сирек айтылатын, бірақ өте ерекше ән. Сондықтан, шын жүректен тілектестігімді білдіремін. Өте жақсы айтып шықтың», - деген пікір білдірді.

Осылайша, мегажобаның ақтық сынына Жәнібек Жәмиев, Шыңғыс Исаев, Таңат Cәденов, Күнсұлу Түрікпен, Аружан Ерімова, Салтанат Ерсұлтан, Алпысбек Оңалбайұлы, Аяулым Қамажан. Рауан Әбілбаев жолдама алды. «MEN QAZAQPYN» мегажобасын Ұлттық арнадан әр жексенбі сағат 21:05-те тамашалай аласыздар.

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу