Ұлттық арнаның «Men Qazaqpyn» мегажобасының жаңа маусымы көп ұзамай эфирге шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнаның «Men Qazaqpyn» мегажобасының жаңа маусымы көп ұзамай эфирге шығады

13.08.2018

Қаны қазақ, жаны қазақ көрермендер үшін жағымды жаңалық. Ұлттық арнаның дәстүрлі ән-күйді дәріптейтін «Men Qazaqpyn» мега-жобасы көп ұзамай эфирге шығады. Бағдарламаның өңірлер мен көрші елдердегі іріктеу кезеңі аяқталып, телевизиялық нұсқасының түсірілімі басталып та кетті. Биыл екінші рет өтіп жатқан жоба көрерменге не ұсынбақ? Оған кімдер қатысады?

Бұл жоба өзгелерден өзгерек. Өйткені, бұл музыкалық байқауда қатысушылар сәнге айналған бүгінгінің мәнсіз әндерін емес, қазақтың халық әндері мен күйлерін, термелерін орындайды. Ұйымдастырушылардың да, өнерпаздардың көздегені бір – ұмыт бола жаздаған ұлттық өнерді сахна төріне шығару.

Асқар Мұқиятұлы, «Men Qazaqpyn» мегажобасына қатысушы:

- Бұл жобаның елге беретіні – хас өнерді танытып, соның машақатына шыдап жүрген азаматтарды халық алдына шығару.

Жоба қанатын енді қаға бастағанымен, аз уақытта көрермен көзайымына айналып үлгерді. Былтыр байқауға қатысуға 700 адамнан өтініш қабылданса, бұл жолы 2 мыңнан астам өнерпаз ниет білдірген. Олардың саны ғана емес, сапасы да артқан көрінеді.

Аллажар Қайбар, «Men Qazaqpyn» мегажобасының жүргізушісі:

- Әлбетте, деңгейіне қарайтын болсақ, деңгейі жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Мықты өнерпаздар өсіп келе жатыр. Жобаға былтырдан бастап дайындалған өнерпаздар келіп жатыр. Тіпті, былтыр келіп қатысып, жартылай финалға дейін жетіп, әрі қарай өте алмай қалған өнерпаздар тағы қатысып жатыр.

Ауылдық, аудандық, облыстық іріктеу кезеңдерінен өткендер телевизиялық түсірілімге жолдама алды. Биылғы қатысушлар саны – 49 адам. Олардың үшеуі Моңғолиядан, екеуі Ресейден. Тіпті, Жапонияның қазағы да бар. Өнерде шекара жоқ екенін дәлелдеген мегажобаның осылайша жағрапиясы да кеңейіп жатыр.

Қадыхан Манайұлы, «Men Qazaqpyn» мегажобасына қатысушы:

- Қай елде, қай жерде болсақ та, қазақтың өнерін өшірмейік. Кейінгі ұрпаққа жеткізу – арманымыз. Мақсатымыз - осы шынайы дәстүрлі өнерді дәріптеп, халықтың жүрегінен орын алу, намысты қорғау.

Ал, өзінің ғана емес, өңірінің де атын шығаратын әнші-термешілерге тұтас облыстар жанкүйер болатыны сөзсіз. Яғни, кезең сайын байқау қыза түспек. Ал, қазылар алқасы кімнің өнерін биік бағалайды? Сынға ұшырап, сүрінетіндер кімдер? Мұның бәрін Ұлттық арнаның эфирінен біле аласыздар.

 

Альбина ӘШІМ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу