Бірінші болып сахна төріне Атырау облысынан келген Берік Амантаев шықты. Ол Қ.Байғабылұлының «Қоштасу» әнімен өнер көрсетті.
Қазылар алқасының мүшесі Ұлжан Байбосынова «Басқа мектептің шығармасын орындауға біршама уақыт керек. Сондықтан, аз уақыттың ішінде меңгеріп алғандығы байқалып тұр. Осы бетіңнен қайтпай, барлық өңірдің әндерін меңгеріп, үлкен сахналарда насихаттап жүреді деген ойдамын», - деген пікірін білдірді.
Екінші болып термеші Салтанат Қисатова өнер көрсетті. Керекудің намысын қорғап келген өнерпаз Нартайдың «Игигай» шығармасын орындады. Салтанат Қисатованың өнеріне қазылар алқасының берген бағасы мынадай:
Хатимолла Бердіғалиев: - Салтанат Қызылорданың қызы емес. Бірақ, сонда да орындап шықты. Ызаланып орындаған сияқты болып көрінді. Жалпы, «орташа» деп бағалаймын.
Ұлжан Байбосынова: - Салтанаттан жақсы орындаушылық деңгей күттім, бірақ, орташалау болды.
Ал, келесі болып сахна төріне Моңғолияның Баян-Өлгей өңірінен келген Жанатбек Ғабдуллин көтерілді. Жеребеде Сүгірдің «Назқоңыры» бұйырған Жанатбек өнер көрсетуге дайын болмай шықты.
Түркістан облысының әншісі Оразәлі Жаңабаев көпшілікке Досаттың әні «Қара атты» тарту етті. Оразәлінің ән орындау шеберлігіне Ұлжан Байбосынова «Тамаша орындап шықты. Барын салды. Жақсы дайындалғаны көрініп тұр. Орындаушылық шеберлігін барынша көрсетті. Көңілімнен шықты», - деген бағасын берді.
Келесі болып Алматы облысының атынан келген термеші Есбол Шаңбаев ортаға шықты. Оған жеребеден Тұрмағамбеттің «Тәлімі» бұйырды. Есболдың өнеріне Хатимолла Бердіғалиев «Бұл жігіттің бабы келмей тұр, шатыстырды, абдырады», - деді.
Бүгінгі шығарылымда кезекті ары қарай жалғастырған астаналық Дарын Құдайбергенов болды. Ол Әшімтайдың «Қоңыр қаз» күйін орындады. Қазылар алқасының мүшесі Айгүл Үлкенбаева «Дарынның орындауында техникалық жағынан ешқандай кемшілік болмады. Күйді алып шықты. Дегенмен, көркемдік орындаушылық жағынан маған шамалы құрғақтау болған сияқты», - деген пікір білдірді.
БҚО-намысын қорғап келген Бейбіт Қажығалиев халық әні «Екі жиренді» шырқады. Оның орындаушылық шеберлігіне қазылар алқасы мынадай пікір білдірді:
Ұлжан Байбосынова: - Бейбіт өте жақсы әнші. Әннің кейбір иірімдерінде жетпей қалған тұстары болды. Дегенмен, жақсы орындаушылық деңгей көрсетті деп айтуға болады.
Мырзатай Жолдасбеков: - Мектебі, өнегесі басқа, ән салып жүрген ортасы басқа. Соған қарамастан, бұл әнді өте жақсы қабылдадым.
Бүгінгі жобада соңғы болып алматылық термеші Әйгерім Әпенова өнер көрсетті. Ару қыз Майлықожаның «Жақсы бір адам қартайса» шығармасын орындады. Екінші айналымды қорытындылаған Әйгерімге қазылар алқасының мүшесі Хатимолла Бердіғалиев «Осы жолы да өзін жақсы көрсетті. Дауысы да ойдағыдай», - деген пікір білдірді.
Айта кетейік, қазылар алқасының шешімімен 20 өнерпаз келесі айналымға өтті.
Еске сала кетейік, «Men Qazaqpyn» мегажобасын әр жексенбі сағат 21:05-те Ұлттық арнадан тамашалай аласыздар.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.