«Men Qazaqpyn» мегажобасының екінші маусымы мәресіне жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Men Qazaqpyn» мегажобасының екінші маусымы мәресіне жетті

06.12.2018

«Men Qazaqpyn». Бұл - Ұлттық арна ұсынған мегажобаның атауы. Қарға тамырлы қазақтың өткенін қазсаң, екі ішекті домбыра, дәстүрлі ән мен күй тұр. Бірақ, бүгінде мұны ескінің езгісі деп ескермейтіндер де аз емес. Не істемек керек? Алдымен, үгіт-насихат қажет. Ұлттық өнер деп ұрандата бермей, қазіргі қалпымызға қайшы келмейтіндей етіп жоба ұсынды. Қазаққа қатысы бар бастамадан қалыс қалып көрмеген Ұлттық арна ұжымы бұл жолы да игі істің басынан табылып, «Men Qazaqpyn» жобасының екінші маусымын табысты аяқтады. 

Ғабит Бөкенбай, тілші:

«Men Qazaqpyn»  жобасы аз уақытта елге танылды. Жексенбінің кешінде қазақ атаулы көгілдір экран алдында ұлттық шоуды көру үшін жиылатыны дәстүрге айналды. Жобаның екінші маусымында ел ішінен бөлек, Ресей, Моңғолия, Қырғызстаннан үміткерлер қатысты. Ортасынан оза шапқан өнерпаздар байқаудың телевизиялық сайысында бақ сынады.

Өнердің шегі мен шекарасы жоқ. Ұлттық арна ұжымы ой-қырды кезіп, қазақ іздеді. Алтай асып, Қобда бетіне, Ресейдің Астрахань қаласына және Алатаудың ар жағындағы Қырғызстанға барды. Түпкі мақсат - әнші, күйші, термешілерді түгендеп, үздігін Астанаға алып келу. Сахнаға шыққандардың бәрі жүйрік, бәрі дүлдүл. Алайда, хас жүйріктің тынысын танбай тану төрешілерге сын. Өнер сайысына елге танымал дәстүрлі әнші, күйші, термешілер қазылық етті.

Мырзатай Жолдасбеков, «Men Qazaqpyn» мега жобасы қазылар алқасының төрағасы:

- Қазақ барда домбыра болады. Домбыра - қазақтың сырласы, мұңдасы. Келесі жылы бұдан да биік деңгейде өтеді деп үміттенемін.

50 мың шақырым жол. «Men Qazaqpyn» жобасының бірінші маусымында біздің түсіру тобымыз осыншама аумақты жүріп өтті. Жол-жөнекей 20 фильм түсіріліп, эфирге шықты. Ел ішінен тыс, Моңғолияның батысы Баян-Өлгей, Қытайдың Үрімжі қаласы, Ресейдің Қосағаш елді мекеніне сапар шекті. Есіл еңбек еленіп, «Тұмар» телевизиялық байқауында «Үздік ойын-сауық» аталымын жеңіп алды.

Жарыстың аты жарыс. Біреу озып, біреу қалады. Құрметті көрермен, «Men Qazaqpyn» жобасының үздіктері марапатталған кештің толық телевизиялық нұсқасын Ұлттық арнадан 16 желтоқсан күні көресіз.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу