«Men Qazaqpyn». Екінші айналымның қатысушылары өнер көрсетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Men Qazaqpyn». Екінші айналымның қатысушылары өнер көрсетті

04.11.2018
«Men Qazaqpyn». Екінші айналымның қатысушылары өнер көрсетті

Бүгін «Men Qazaqpyn» мегажобасында екінші айналымды жалғастырушы қатысушылар өнер көрсетті.

Айта кетерлігі, бұл кезеңде өнерпаздардың қандай шығарма орындайтындары жеребе арқылы анықталады.

Бірінші болып сахна төріне қарағандылық Еркебұлан Ахметов шықты. Алайда, жеребеде Қызыл Тұрдығұлдың «Мешін, тауық» әні бұйырған әнші бұл шығармаға дайын болмай, байқауды тоқтатуға мәжбүр болды.  

Екінші болып Түркістан облысынан келген термеші Руслан Ақынбекке Нұртуған жыраудың «Қанекей, тілім, сөйлеші» термеші бұйырды. Оның өнеріне қазылар алқасының берген бағасы мынадай:

Мырзатай Жолдасбеков: -Сен шынында да, «Men Qazaqpyn» деген жобаның іздеп жүрген термешісісің..

Хатимолла Бердіғалиев: - Маған өте ұнады. Рахаттанып, көсіліп тұрып айтып шықтың.

Бүгінгі шығарылымда кезегі келген келесі өнерпаз – атыраулық күйші Жәнібек Жәмиев болды. Ол көпшілік алдында Динаның күйі «Бұлбұлды» орындады. Атырау облысының өнерпазына Мырзатай Жолдасбеков «Маған қатты ұнады. Көп ізденіп, көп талаптанып жүрсең, қазақ мақтанатын жақсы күйші боласың», - деген бағасын берді.

Ал, келесі болып өнер көрсеткен Маңғыстау облысының әншісі - Алпысбек Оңалбайұлы. Маңғыстау өңірінің жүйрігі Досаттың «Қара ат» әнін шырқады. 

Хатимолла Бердіғалиев: - Ән жақсы орындалды. Үзбей кететін жерлерінде тыныс алып қойған кездерің болды. Жалпы, ризамын.

Ұлжан Байбосынова: -  «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген сөз бар ғой. Бүгін бақ пен бап Алпысбектің екі иығына қонып отырғандай. Өте жақсы орындап шықты.  

«Men Qazaqpyn» жобасында Қызылорда облысының намысын қорғап жүрген термеші Күнсұлу Түрікпен Махамбеттің «Мен, мен едім, мен едім» шығармасын орындады. Оның шеберлігіне Ұлжан Байбосынова «Көңілімнен шықты. Әр мектептің ерекшелігне қарамастан, Күнсұлу өзінің мүмкіндігінше орындап шықты», деген баға берді. 

Астраханьнан келген күйші Елнұр Өтепқалиев келесі болып сахнаға шықты. Атажұртқа келген өнерпазға жеребеде Құрманғазының «Жима» күйі бұйырды. Алайда, Елнұр оған дайын болмай шықты. Осылайша, ол «Men Qazaqpyn» жобасын аяқтады.

Келесі болып сахнаға Алматы қаласының өнерпазы Рауан Әбілбаев шықты. Ол Қ.Байғабылұлының «Қоштасу» әнімен өнер көрсетті.  

Хатимолла Бердіғалиев Рауанның ән сөздерін шатастырғанын, екіншіден мұң, зар байқалмағанын айтса, Ұлжан Байбосынова «Рауанға «қанағаттанарлық» деген баға беріп, өзінің ойынан шықты деді.

Еске сала кетейік, «Men Qazaqpyn» мегажобасын әр жексенбі сағат 21:05-те Ұлттық арнадан тамашалай аласыздар.

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу