Мұрат Әбенов: ҰБТ-да көрсеткен нәтиже бір айда ұмытылып қалатын жаттанды білім - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұрат Әбенов: ҰБТ-да көрсеткен нәтиже бір айда ұмытылып қалатын жаттанды білім

23.07.2018

«1 студия» ток-шоуының осы аптадағы шығарылымына тестілеу жүйесіндегі биылғы өзгерістер мен жаңалықтар  тақырыбы арқау болды. Студия қонақтары - ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов, «Ұлттық білім және инновация палатасының» төрағасы Мұрат Әбенов, «EDTECH» Халықаралық білім орталығының директоры Ғани Бейсембаев, ЕҰУ Қабылдау комиссияның жауапты хатшысы Мақсат Аралханов, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің кафедра меңгерушісі Асхат Наметша.

 

«Өздеріңіз білетіндей жаңа форматқа екі жыл болды. Біріншіден, «Алтын белгі» мектепте дәлелденеді. Бұл - ең басты ерекшелік. Бұрынғы ескі формат бойынша бұл күрделі еді. Үш сағат уақыт ішінде оқушы мектепте 11 жыл оқыған білімін, оқуға түсу конкурсы бойынша және «Алтын белгіні» қорғауы керек болатын.

Жаңа форматтың екінші ерекшелігі – бала тек қана жоғарғы оқу орнына түсетін, конкурсқа қатысатын кезде ғана ҰБТ-ге қатысады. Былтыр ҰБТ-ге 88 мың тапсырыс болса, биыл 97 мың тапсырылды. 102 мыңнан астам түлек өтініш берді. Биылғы жылдың көрсеткіші жақсы. Былтыр орташа көрсеткіш 80 пайыз болса, биыл ол 83 пайызға көтерілді», - дейді ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов.

«Қазіргі өзгерістер дұрыс. Бірақ, ол барлық мәселені шешеді деп ойламаймын. Себебі, оқу бітірген соң түлекке нарыққа шығу үшін қандай қасиет керек? Ол іскерлік, бизнес жасау, өз-өзін дамыту, көрсете білу. Бұлар тестілеуде көрсетілмеген. Жетістікке жету үшін бірнеше мамандық, бірнеше тіл білу керек. Сол кезде ғана таңдаулы маман боласың. Бізде таңдау пәндері шектеулі.

Тағы да айтатын мәселе, Ресейде емтихан тапсырған баланы 1 айдан соң қайта тексерген. Біздің білім саласындағы тәжірибеміз ұқсас. ҰБТ-да көрсеткен нәтиже бір айда ұмытылып қалатын жаттанды білім. Ол уақытша ғана. Демек, бала тек жаттаумен шектеледі. Тек жаттаумен шектелудің кері тұстары көп», - дейді «Ұлттық білім және инновация палатасының» төрағасы Мұрат Әбенов.

 

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.  

 

Хабарламаларға жазылу