Дубляж падишасы Мұхтар Бақтыгереевтің туғанына - 85 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дубляж падишасы Мұхтар Бақтыгереевтің туғанына - 85 жыл

15.06.2018

Қазақ киносы мен театр өнерінің саңлағы, көрнекті актер Мұхтар Бақтыгереевтің дауысы неге ұмытылмайды? Оның үніндегі өзгеше ырғақ, ерекше сарын, әдемілік әлі де есіңізде болар?!

Актердің сан түрлі образдары, қою-қоңыр үні әр қазақтың жадында сақталып қалған. Актердің өмір жолы мен өнердегі ізі бүгінгі күні аңызға айналған.

Небәрі 15 жасында бұрынғы Гурьев облыстық музыкалық драма театрында сахна жұмыскері болған жасөспірім актерлік қадамын да осында бастады. Осы театрда қойылған «Миллионерде» Баймағанбет, «Қозы Көрпеш - Баян Сұлуда» Қодар рөлдерін ойнады.

Ал, 1953-1956 жылдары Алматы театр училищесінде білім алып, ғұмырының соңына дейін Балалар мен жасөспірімдер театрында еңбек етті.

Актер театр сахнасында 200-ден аса рөл сомдады. Өнер табыстырған жары Мәрияш Жақсымбетова да осы театрдың актрисасы болатын. Домбыраның қос ішегіндей жарасқан жұп көптеген қойылымда  бірге ойнап, көрерменнің көзайымына айналды. Мұхтар Бақтыгереев пен Мәрияш Жақсымбетова сахнадағы ең жарасымды жұптардың бірі болды.

Үлкен суреткерлік, дархан шеберлік шынайы адамгершіліктен, биік парасаттылықтан туады. Мұхтар Бақтыгереев Қазақстан мен Орта Азия киноөнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. 100-ге жуық көркем фильмге түсіп, мыңдаған туындыларды қазақ тілінде сөйлеткен актер нағыз дубляждың падишасы еді.

40 жылдан аса қызмет атқарған театры көзі тірісінде актердің екінші үйіне айналған. Сахна саңлағының ұрпақтары осында жиі келіп, ата-аналарымен бірге өткізген сәттерді еске алады.

 

«Толық нұсқа»

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу