Дәурен Абаев: Жалған ақпараттың тарауымен күресте тұтас қоғамның ішкі әдебі, тәрбиесі маңызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дәурен Абаев: Жалған ақпараттың тарауымен күресте тұтас қоғамның ішкі әдебі, тәрбиесі маңызды

18.05.2018
Дәурен Абаев: Жалған ақпараттың тарауымен күресте тұтас қоғамның ішкі әдебі, тәрбиесі маңызды

Астанада өтіп жатқан «Global Challenges Summit 2018» форумының екінші күнінде де бірқатар маңызды тақырыптар талқыға салынды. Түйткілді тақырыптардың бірі – Фейк-ньюс, факт-чекинг және постақиқат дәуірінің басқа да болжалмаған салдары: болашақ журналистикасы қандай болуы керек?

Панельдік пікірталасқа ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, informburo.kz бас редакторы Михаил Дорофеев,  «1917. Еркін тарих» және «1968.Digital» жобаларының авторы Михаил Зыгарь, Кингс Колледждегі интернет зерттеушісі, лектор, жаңа медиа жөніндегі кеңесші Григорий Асмолов, Politifact жазушысы Джон Гринберг, Nur.kz директоры Қуат Бахридинов,  ҚР талдау және ақпарат орталығының директоры Ерлан Әлиев,  Медиа-талдаушы, USC Annenberg – CCLP орталығының аға ғылыми қызметкері, WAN-IFRA басқарма мүшесі Василий Гатов, медиа-менеджер Федор Щербаков қатысып, ойларын ортаға салды.

Шара барысында сөз алған министр Даурен Абаев жалған ақпараттың тарауымен қалай күресу керегі туралы айтты.

 

«Жалған ақпараттың тарауымен әркім өз деңгейінде күресуі керек.  Бұл мәселенің қаупін жалғыз Қазақстан ғана емес, барлық жетекші елдер де жақсы түсінеді.  Бүгінде ірі компаниялар өздерінше күрес жүргізуге тырысуда. Менің ойымша, бұл жерде тұтас қоғамның ішкі әдебі, тәрбиесі маңызды. Қазақстан бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Былтыр тиісті құжат қабылданып, соның нәтижесінде аталмыш мәселені бақылауды қолға алдық. Жалпы алғанда, бұл мәселені тұтас қоғам дамтуы керек. Алдымен, журналистер қауымдастығы. Егер, олар бас болып қолға алмаса, журналистика жойылып кетуі мүмкін. Себебі, жалған ақпарат көлемі артып, жылдан-жылға онымен күресу қиындап кетеді», деді министр.

 

Айта кетейік, АЭФ үш күнге созылмақ. 17 мамырда форумға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, қарым-қатынас мәселесінде алпауыт мемлекеттердің негізгі проблемасын атады. Халықаралық деңгейдегі мұндай жиын елордамызда осымен 11-ші рет өтуде.
 

Хабарламаларға жазылу