Композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы Балнұр Қыдырбек студия қонағы болып, еліміздегі композиторлардың бүгінгі тынысы мен шығармашылығы туралы сөз қозғады.
«Біз ұмытылған дара тұлғаларымыздың есімдерін жаңғырту мақсатында еңбек етіп келеміз. Мысалы, өткен жылы Дәуренсал Құдабайұлының 200 жылдығын атап өттік. Дәуренсал бүкіл Жетісу композиторлық мектебінің бастауы. Ол кісінің соңғы өкілі – Кенен Әзірбаев.
Қазір орындалып жүрген әндер мен күйлер осы күнге қалай жеткені туралы сұрақ қойылмайды. Көптеген еңбектер ұмытылып, жоғалды. Ендігі мақсатымыз - қалғанын сақтап қалу.
Соңғы 25 жыл ішінде қаламақы деген ұғым жоқ. Біз музыка жазуды оқыдық. Ал, мамандық асырау керек. Асырауға келмейтін мамандық кімге керек?! Сондықтан, жас композиторларға «шығарма жазбайсындар» деп талап қоюға мүмкіндік жоқ. Қазіргі жас композиторлар қаламақы дегенді білмейді де.
Композиторлар одағы мемлекеттен қаржыландырылмайды. Орта буын өзімізден кейінгі жастарға еңбектерімізді жеткізгіміз келеді. Композитор болу оңай емес, себебі, ол тек музыка жазу емес. Кем дегенде 15 жыл арнайы білім алу керек. Қазіргі таңда елімізде 10-ға жуық шығармашылық одақ бар. Ішіндегі өзі тіршілігін өзі жасап жүргені – Композиторлар одағы. Өкініштісі, біздің шығармалар қазаққа керегі жоқ. Шетелдіктер қызығушылық танытады», - дейді одақ төрағасы.
