Заңды рұқсатын алып, тіркелген қарумен шығып саятшылық құрғандарға датымыз жоқ. Бірақ, соңғы кезде тәртіпті елемей, елең-алаңда түз тағыларының есін алып есіргендер көбейді. Зимбабведегі Хванге Ұлттық саябағында бір түнде 80 пілдің өлгені туралы ақпарат осыдан 4 жыл бұрын естігеннің есін екеу, түсін төртеу қылып еді. Пілдер шөлін басуға келетін суатты алдын ала улап, жануарлар жан тәсілім еткенде олардың азу тісін кесіп алып қара базарға саудалағандар сол саябақтың қызметкерлері екені белгілі болғанда жұрт жағасын ұстаған.
Осы аптада Ақтөбе облысындағы Атамбас елді мекенінде Қызыл кітапқа енген 5 ақбөкеннің атылғаны туралы хабар жетті. Тергеушілер қызметтік 2 УАЗ көлігін тапқан. Сөйтсе, Ақтөбеде ақбөкен атып ақылынан ауысып жүргендер кәдімгі қорықшылар екен. Жабайы аңдарды қорғауы тиіс пысықтар, осылай пасықтық жасапты. Қолға түскен 7 қорықшы 11 ақбөкенді атып өлтірген, көліктерінен 8 мүйіз, 2 аңшы мылтығы, 170 оқ-дәрі, 2 пышақ табылды.
Егер 5 жылға сотталмаса қоршаған ортаны қорғау үшін қызметке қабылданып, қоршаған ортаны қорлағаны үшін құрықталған жетеуіне 11 345 000 теңге айыппұл салынады. Егер әлгі жеті қылмыскер қорықшы Үндістанда ұсталғанда жағдайлары тіптен қиын болар еді, қарапайым үй жануарын өлтіріп қойғандарды ол жақта 3 жылға соттайды. Ал, Қызыл кітаптағы аңды атқандарды аямасы екібастан белгілі. Қылмыстың алдын алады дегендердің қылмыскер атанатыны қынжылтады.
Осы аптада тілші Еркін Съезұлы судағы, құрлықтағы браконьерлердің бетін қайтару үшін білек сыбанған мамандармен бірге жолға шығып, талайын әшкереледі. Ендеше кезек Еркін Съезұлының материалында.