Е.Нұрғалиевтің өліміне қатысы бар күдіктілер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

17.02.2020

Прокурорлар «Охотзоопром» инспекторы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысы бар күдіктілердің үшеуін өмір бойы басбостандығынан айыруды сұрады. Бүгін Қарағанды облысында Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қорықшы өліміне қатысты сот отырысы өтті. Жауапқа тартылып жатқандар Қызылорда облысының 7 тұрғыны. Қалған төртеуіне «жойылып кету қаупі төнген жануарларды заңсыз атты» деп айып тағылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру талап етілді. Айта кету керек, браконьерлер қолынан қаза тапқан марқұм Ерлан Нұрғалиевтің туыстары материалдық шығын есебінде 9 миллион, ал моральдық шығын есебінде 20 миллион теңге сұрап отыр. Еске салайық, былтыр қаңтарда «Охотзоопром» мекемесінің инспекторына браконьерлер шабуыл жасап, ауыр соққыдан қорықшы опат болды.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу