Қазақстанда қызды еркінен тыс әкеткендер қанша жылға сотталады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда қызды еркінен тыс әкеткендер қанша жылға сотталады?

04.11.2017

Қыз алып қашу деген дәстүрді жабайылыққа айналдырғандар туралы бейнежазбалар әлеуметтік желілерде самсап жүр.

1998 жылы Алматыда «Қазақ энциклопедиясының» 1 томы басылған. Сол жерде былай делінеді: «Қыз алып қашу – үйлену ғұрпының бір түрі. Дәстүрлі қазақ қоғамында кейде жол-жоралғы жасап, қалың мал беруге шамасы келмейтін жігіттің ұнатқан қызын өзара келісімнен кейін алып қашуы орын алған». Немесе, қыздың жақын туыстары қайтыс болса, қызды айттырып келу ерсі саналады. Қазалы үйде біраз уақытқа дейін құда күту сияқты - қуанышты шаралар жасалмайды. Бірақ, қыздың бағын байламау үшін ата-анасы өз баталарын береді де «қыз қашып» кетеді.

Кезінде еркінен тыс алып қашты екен деп өзгелердің өмірін өздеріне теңестіруге тырысатын жаулықтыларға ескерту: адам ұрлау - ауыр қылмыс.

Қырғызстанда қыз алып қашқандар сотталады, арнайы заң бар. Иранда адам ұрлағандарды атады, асып қояды немесе таспен кесектеп өлтіреді.

Пайғамбарымыз қоштасу қажылығында Мина жазығында тұрып, құрбандық күні: «Расында, сендердің қандарың, мал-дүниелерің және ар-намыстарың бір-біріңе осы қасиетті Мекке қаласы, осы қасиетті қажылық айы, осы қасиетті Құрбан айт күніндей қастерлі, қол сұғуға тыйым етіледі», – деп ескерткен.

Қызды өзінің рұқсатынсыз ешкім тұрмысқа бере алмайды, үкімі сондай. Сахаба Ибн Аббас: «Бір қыз Алла елшісіне келіп, әкесі еркінен тыс тұрмысқа беріп жатқанын айтып шағымданады. Сонда Пайғамбар қызға өзіне таңдау жасауға рұқсат етеді»,- деп баян етеді. Ал, біздегі діннен де, ділден де аттап, дені дұрыс дәстүрді есте жоқ ескі замандағы жабайылыққа теңдестірген тентектер мен олардың жазасы туралы «Мәселенің» тілшісі Еркін Сьезұлы айтады.

Хабарламаларға жазылу