«Дара жол» бағдарламасы Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың 80 жас мерейтойына арналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дара жол» бағдарламасы Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың 80 жас мерейтойына арналды

28.11.2017

«Дара жол» бағдарламасы әнші, Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановтың 80 жас мерейтойына арналды.

Нұрғали Нүсіпжанов 1956 жылы музыка өнерінің қара шаңырағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға қабылданды. Консерваторияны бітірген соң Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрына қызметке жіберілді. Бірақ, ол жеке әнші болуды армандады. Қызмет жолы оны Қазақ телевизиясы мен радиохабарларын тарататын мемлекеттік комитетке әкелді. 1976 жылы Нұрғали Нүсіпжанов Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестріне жетекші әншілікке қабылданды. Осы сәттен бастап оның ән шырқауына даңғыл жол ашылды, әншілік шеберлігімен көрермен қауым алдында құлашын жайды.

Әнші бағдарламада туған өңірі, балалық шағы туралы естеліктерімен бөлісті.

«Адамның қалыптасу ортасы балалық шағы өткен жеріне байланысты. Әке-шешем мал шаруашылығымен айналысты. Қысы-жазы табиғат аясында өстім. Жануар, жәндіктерге құмар болдым. Солардың болмысын, сырын білмесем көңілім көншімейтін. Балапан, құс асырадым. Жабайы араларды ұстап, олардың балын тартып жедім. Ол - бала кездегі әуестік.

Үйдің жалғыз баласы болдым. Жалғыз болған соң, ерте үйленіп, немере сүйгізіп, кемпір-шалды бағуым керек еді. Бірақ, әкем оған көнбеді. Көңілімді аулады. Оқығым келгенімді сезді. Аталарымды шақырып, батасын беріп, мен оқуға аттандым», - дейді әнші.

Хабарламаларға жазылу