Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаев соңғы екі аптада қазақ билігінің атына осымен екінші мәрте сын айтты. Кейбіреулер бұл мәлімдемені саяси науқанмен, дәлірегі, осы жексенбіде Қырғыз Республикасында өтетін президент сайлауымен байланыстырады. Бүгінгі «Басты тақырып» студиясында осы мәселені талқылау үшін Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабек қонақта болды.
Сарапшы Атамбаевтың соңғы мәлімдемесін Қырғызстанда өтетін сайлаумен тікелей байланыстырған жөн екенін айтады.
«Қазір ешкімге құпия емес, президент сайлауы барысында Атамбаев өзінің адамын өткізгісі келеді. Ол – Сооранбай Жээнбеков. Алайда, бұл кандидаттың рейтингісі төмен. Керісінше, оның басты қарсыласы Омурбек Бабанов деген оппозиционер бар, оның рейтингісі Жээнбековпен біршама жоғары. Сол себепті сайлау алдында Бабановты қаралап, оны «Қазақстанмен байланысы бар, Қазақстан Қырғызстанның ішкі істеріне араласып отыр» деген айып тағу арқылы ол өз кандидатын өткізгісі келіп, осындай пиғылмен жасалып отырған қадам»,-дейді сарапшы.