Осыдан 7 жыл бұрын Елбасының бастамасымен елімізде «Balapan» телеарнасы өз жұмысын бастаған болатын. Қазіргі уақытта әрбір отбасының, баланың серігіне айналған «Balapan» телеарнасына - 7 жыл.
Осыған орай «Balapan» телеарнасының директоры Жанар Шәмел мен ең жас жүргізушісі Фатима Ерімбет студия қонағы болды.
«2013 жылы Елбасының бастамасымен балаларға телеарна ашу бастамасы қолға алынды. Содан бері біздің арнаны кішкентай көрермендеріміз тамашалап келеді.
Қазір арнаның ребрендингі өтті. Сондай-ақ, безендіруден бөлек, мазмұны өзгерді, жобалар толықты. Бірнеше жаңа хабарлар эфирге шықты. Одан бөлек, тікелей эфирде бес хабар шығады. Сол хабарлардың жүргізушілерінің бірі – кішкентай Фатима.
«Balapan» телеарнасы тәрбие құралы, осы жылдары бірнеше миллиондаған көрермендерімізге сенімді дос, көмекші құралы болдық деп ойлаймын. Біріншіден, отбасы үшін бала тәрбиесі алдыңғы қатарда. Сондықтан, біз жобаларды ата-аналармен, сарапшылармен, тіпті кішкентай балалармен ақылдасып, дайындаймыз. Әр хабардың көрермені бар. Бізде тікелей эфир үлкен сұранысқа ие», - дейді Жанар Шәмел.
«Менің жасым 12-де. Мен «Не? Қайда? Қашан?» бағдарламасын жүргіземін. Екі жылдық тәжірибем бар. Алғаш рет «Мың түрлі сұрақ» бағдарламасын жүргіздім. Менің ойымша, жүргізуші тікелей эфирде өзін жақсы ұстай алуы керек, оның эмоциясы болуы керек және де ол импровизация жасай алуы керек. «Жүргізуші боламын» дейтіндерге кітап оқып, өзіне сенімді болуы қажет», - дейді Фатима.