Тұрсынай өзінің болмысынан ешқашан қысылған емес. Сондықтан болар, достары да көп. Үнемі көңілді жүреді. Ауыр атлетикамен айналысып, бірнеше рет республикалық жарыстарда топ жарған.
«Қазір жасым 17-де. 4 жасымнан бастап спортпен шұғылдана бастадым. Спортқа тартқан әкем. Ол - жаттықтырушы. Алғашқыда бокспен, каратэмен айналыстым.Пауэрлифтингпен айналысқаныма бір жыл болды.
Көлік астына түсіп, зақым алдым. Екі рет ота жасаттым. Қазір ақырындап жаттықтыруға барып жүрмін.
Бойым - 120 см. Осылай дүниеге келдім. Оған қарамастан өмір сүруім керек. Алға жүруім керек. Өмір – күрес. Мен күресуден жалықпаймын. Киім алғанда ғана қиналамын. Ал, бойымда ешқандай комплекс жоқ. Бұл қасиетім анамнан. Ата-анама, жаттықтырушыларыма, сыныптастарыма, мұғалімдеріме ризамын.
Келешекте өмірім туралы кітап жазғым келеді. Мүгедектер үшін жаттығу залын ашсам деп армандаймын және соларға жаттықтырушы болғым келеді», - дейді Тұрсынай.