Өнеркәсіптегі өсімнің негізгі қозғаушы күші өңдеу өнеркәсібі болды. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте ҚР инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Алик Айдарбаев айтты.
Спикер айтып өткендей, алғашқы 7 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындардағы өндірістің нақты өсімі 2016 жылғы қаңтар-шілдеге 6,3% құраған. Өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі 2017 жылғы қаңтар-мамырда өткен кезеңмен салыстырғанда 27,8% артып, $6,2 млрд. құрады.
«Индустрияландырудың екінші бесжылдығын (2015-2016 жж.) іске асырғалы бері шамамен 1,7 трлн теңге сомаға 258 жоба енгізілді, 21 мың тұрақты жұмыс орны құрылды, оның ішінде 2017 жылдың басынан бері 3,9 мың жұмыс орнын құрумен 489,8 млрд теңге сомаға 32 жоба енгізілді», – деді А. Айдарбаев.
Жалпы, индустрияландыру бағдарламасын іске асырған жылдары 5,1 трлн теңге сомаға 1 060 жоба енгізілді, 100,2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.
Жылдың соңына дейін 10 мың тұрақты жұмыс орнын құрумен 1 трлн теңгеге жуық сомаға 100-ден астам жобаны енгізу жоспарланған.
«2017 жыл экспорттың ұлғаюына және өндіріс көлемінің өсіміне бастамашы болды, осылайша Қазақстанның үшінші жаңғыруына технологиялық және экономикалық берік іргетас қаланды», – деп түйіндеді А.Айдарбаев.
primeminister.kz