«Таңшолпан». 21 шілде - «Алаш» партиясының құрылған күні (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпан». 21 шілде - «Алаш» партиясының құрылған күні (ВИДЕО)

21.07.2017

100 жыл бұрын Орынборда I жалпықазақ съезі өтіп, «Алаш» партиясын құру туралы шешім шығарылды.

1917 жылдың 21-шілдесі – қазақ тарихындағы айтулы күн. Бұл күні Орынбор қаласында I жалпықазақ съезі ашылды. Оған Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Жетісу, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан 20-ға жуық өкіл қатысты.

Съезге Халел Досмұхамедов төрағалық етті. Ахмет Байтұрсынов төрағаның серіктесі, Мыржақып  Дулатов пен Асылбек Сейітов хатшылары болып бекітілді.

Жиылғандар сол кездегі қазақ халқы үшін өзекті деген 14 мәселені күн тәртібіне қойды. Оның ең маңыздысы – «Алаш» партиясын құру туралы шешім шығару. Съездің шешімі бойынша құрылатын партия парламенттік негізде, демократиялық ұстанымдарды басшылыққа алған, қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғауды мақсат тұтқан саяси партия болу тиіс еді.

Алдымен алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың жетекшілік етуімен партияның облыстық ұйымдары құрылды. Бөкей ордасынан бастап, Жетісу, Ферғана және Амудария бөлігіндегі қазақ уездері, Каспий өңірі мен Алтай губерниясындағы іргелес облыстарының барлығы қазақ-қырғыз автономиясының құрамына кірді.

Партия бағдарламасының жобасы 1917 жылғы «Қазақ» газетінде жарияланды.

Осылайша, азаттық пен еркіндіктің идеясы үлкен бастамаларға, жаңа ғасырдағы мемлекеттіліктің қалыптасуына жол ашты. Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де, қазақ елі Алаш ардақтылары армандағын өркендеу мен өрлеу жолында болашаққа нық қадам басып келеді.

Хабарламаларға жазылу