Бүгін Елордада «Ұлы дала» гуманитарлық ғылымдар форумы басталды. «Басты тақырып» бүгін осы мәселені қаузамақ. Студия қонағы – АҚШ Мичиган университетінің профессоры Тимур Қожаоғлы.
Форумға қатысу үшін мұхит асып, АҚШ-тен келген ғалым аталмыш жиынның маңыздылығына тоқталды.
«Мен бұл шараға екінші рет қатысып отырмын. Форумға дүние жүзінің ірі университеттері мен орталықтарынан көптеген ғалымдар қатысуда. Түркия, Моңғолия, Қытай, Ресей, Еуропа елдерінен ғалымдар бар. Бір ғана Мичиган университетінен екі ғалым келдік Осыдан-ақ форумның салмағын бағамдай беріңіз»,-дейді ғалым.
Әуелде түркі халықтарының тарихында олқылық көп деген пікір айтылған соң, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия ғалымдары бірігіп, Түркі академиясы шаңырағының астында ортақ түркі тарихын жазып шықты. Осы бастама турасында ғалым:
«Кеңес кезінде қазақтарға бөлек, өзбектерге бөлек тарих жазылып берілді. Қазақтарға қазақ тарихы емес, Қазақстан тарихы, ал, өзбектерге өзбек тарихы емес, Өзбекстан тарихы жазылды. Түркі халықтарының тарихы берілмеді. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ, өзбек, әзірбайжан ғалымдары түркі халықтарының ортақ тарихын жазып шықты.
Тамырлары бір халықтар бір-бірінің тарихын енді-енді үйреніп жатыр. Әркім өз тарихын аздап қана біледі. Мектептерде бұл тарих әзірге оқытылмайды. Халықаралық түркі академиясы жасап берген тарих пәніне арналған оқулық барша түркі ғалымдарының біркелкі жазып шыққан еңбегі. Ол ғылыми мағлұматтар негізінде құрастырылды. Келешекте дүние жүзіндегі түркі халықтары тамырларының бір екенін білетін болады»,-дейді.