Осыдан 7 жыл бұрын желтоқсан айында Білім беру жүйесін дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Бағдарламаның басты мақсаты – елдің экономикалық әлеуетін дамыту үшін адами капиталдың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бағдарламаның алғашқы 5 жылы қалыпты ырғағымен жүрді десек, өткен жылы елдің елең еткізген үлкен бетбұрыс болды. Жұрт бір ғасырдан астам тарихы бар «Әліппесін» іздеп дал ұрып қалды. Бағдарламаның көздегені осы ма еді? Үш тілде білім бергенннен кім не ұтады?
Білім саласындағы осы және өзге де реформалар мен өзгерістер туралы бүгін «1 студия» бағдарламасында талқыланды.
«Әліппе» - символикалық атау. Оны алып тастау - қателік. Бұл министрге немесе басқаның жеке басына айтылған сын емес, жалпы, жүйедегі нәрсе. Ата-аналардың өзінің бастауыштағы баласының сабағын оқытуға деңгейі келмейді. Бұл тек тілге емес, барлық пәндерге қатысты», дейді депутат Бекболат Тілеухан.
Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы бұл мәселеге қатысты «Білім және ғылым министрлігі қазақ тіліндегі сыныптардың көптігін алға тартады. Ел оқулық жаман болса да, әдіс жаман болса да, баласын қазақ тілді мектепке береді. Қазір кез келген орыс тілінде оқып жатқан сыныпқа кірсек, ешбір оқушы қазақша өмірбаянын 5 сөйлеммен жазып бере алмайды. Ал, біздің балалар түрлі тілдерде оқып жатыр. Балабақша мен төменгі сыныпта өзге тілде оқытуды алып тастау керек», деген пікірін білдірді.