Елордалық ата-аналар оқу құралдарындағы өзге тілдегі жазуға шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордалық ата-аналар оқу құралдарындағы өзге тілдегі жазуға шағымданды

26.09.2022

Тетрадьпен оқуға мәжбүрміз! Дәптер сыртындағы өзге тілдегі жазуға көңілі толмаған ата-аналар арнамызға жан айқайын жеткізді.Мектеп табалдырығын аттай бере баланың қолына түсетіні осы көк дәптер. Өзгесін қойып, ең қажетті құралдың сырты қазақ тілінде жазылмаған деп налиды олар. Көбі импорттық тауар екені рас, бірақ өзімізде өндіретін санаулы кәсіпорынның өзі ана тілде шығаруға құлықсыз.

Аида Хамитованың қызы екінші сыныпта оқиды. Дәптер сыртындағы орысшаны желімдеп әлек.

Аида Хамитова, қала тұрғыны:

Негізі оқу құрал алғанда дүкенде қазақша дәптер жоқ. Құр Тетрадь қана. Соны алып, жабыстырдық. Жыл сайын солай. Бұл мәселе мені қатты толғандырады. Балаларымызды сол баяғы тетрадтармен оқытуға мәжбүрміз.

Мұғалімдер болса, қазақ тіліндегі жазуы бар дәптерлер сатып алуды міндеттемейді. Тек мұқабасы аралас жазумен емес, ана тілде жазылғаны жөн деген пікірде.

Жазира Құлжабаева, мұғалім:

Біздің өз ана тіліміз болғандықтан, неге біз өзге тілде толтыруымыз керек, бала кішкентайынан қазақша сөйлеп, қазақша жазып, қазақша ойлау керек. Және ана тілі бойына дариды. Ана тілін сезінеді. Тәрбиелік мәні өте зор.

Қазақстан нарығында қазақша жазылған «дәптерлер» жоқ емес, бар. Бірақ өте аз. Оқушыларға жетпейді.

Ал еліміздегі 7600 мектепте 4 млнға жуық оқушы білім алады. Оның 70 пайызы қазақ тілінде оқиды.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Сурет салатын дәптер, бояғыштар, пәндерге арналған дәптерлер. Қай оқу құралын алыңыз, бәрі өзге тілде жазылған. Қазақ мектебі көп, бірақ, қазақ тілді құрал жоқтың қасы. Мәселен, ең қажетті зат - дәптерді алайық. Сыртындағы жазуы орысша, ал шығарылған жері Шымкент.

Шымкенттегі кеңсе тауарын өндіретін кәсіпорынға бардық. 2004 жылдан бері түрлі оқу құралын шығаратын мекеме себебін былай түсіндірді..

Ерлан Балықбаев, кәсіпорын директоры:

Пандемияға дейін шығарып көрдік. Мүлдем сұраныс болмады. Өтпеді бір жылдай. Түсінбеймін парадокс па. Енді міне қазір қазақшаға өтіп жатырмыз, қазақша шығарып.

Елімізде мұндай кеңсе тауарларын өндіретін кәсіпорын саусақпен санарлық. Өндіріс көлемі шағын. Импортқа тәуелділік басым. Оқу құралдары әлемнің 30 еліндегі 200-ге жуық зауыттан әкелінеді. Мәселен, еліміздегі ең ірі кеңсе тауарын сататын дүкенге өнімнің 95 пайызы шеттен келеді. Әйтсе де сұраныс болса, тапсырыс беруге болады, - дейді маман. Өнімдер өзге елде өндірілгенімен, тауардың мұқабасы мен дизайнын мұндағылар өздері ұсынады.

Толғанай Омарова, сатушы:

Соңғы 2 жылда кеңсе тауарының сыртындағы қазақша жазуға сұраныс жоғары. Сондықтан біз ресейлік кәсіпорынға өзіміздің ұсынысымызды айтып жатырмыз. Өзге де кеңсе тауарларын қазақшалау жоспарда бар.

Сұранысты арттыру керек. Тұтынушылардан талап көбейгені жөн. Тіл жанашырларының пікірі осыған саяды.

Шерубай Құрманбай, филология ғылымдарының докторы, профессор: 

Кез-келген дүние сұранысқа байланысты ғой. Кез-келген қазақ азаматы өзінің ұлтына, мәдениетіне қатысты құрметтеп қарап үйретуді барлық жағынан насихаттауымыз керек. Таудың да тастан құралатынын ұмытпауымыз керек. Біріншіден бұл үгіт наситхат құралы. Бала қолына күнделігін алып, күнделік деп жазылып тұрса, қазақ мектебі, орыс мектебі соған жұрттың көзі де үйренеді. атйып та үйренеді. Екіншіден сурет. Дәптер сыртында Аватардың , Шрэктің суреті тұр. Оның орнына Алпамыстың, Қобыландының суретін қойса.

Отандық өнімдер мен импорттық тауарлар сыртында қазақша жазу болуы тиіс деген талап заңда бар. Бірақ,оны қадағалау мүмкін болмай тұр. Дегенмен, «ұлтқа қатысты дүниенің ұсағы жоқ» деген еді Жүсіпбек Аймауытов. Ана тілін санаға сіңіру, қазақ тіліне деген құрмет осы қарапайым құралдан басталады.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу