Кеше Қазақ елі Отан қорғаушылар мерекесін атап өтті. «Басты тақырыптың» бүгінгі шығарылымы осы тақырыпқа арналды. Студия қонағы – әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы.
Біздің әскердің әлеуеті қазір қай деңгейде?
«Біздің Қарулы Күштеріміз Орта Азия аймағында көңілден шығатындай деңгейде. Аса қуатты да емес, тым әлсіз де емес. Менің қорытқан пікірім осы. Бұл сала үшін озық отыздықтың ауылы алыстау. Себебі, «Global Firepower» деген рейтинг жасайтын ұйым бар. Сол ұйым жыл сайын қарулы күштердің әлеуетін анықтайтын рейтинг береді.
Биыл біз қателеспесем, 53-орында тұрмыз. ТМД елдері ішінде Ресей мен Украинадан кейін үшінші орында Өзбекстан тұр. Біз олардан едәуір қалып қойдық. Мұнда ескеретін бірқатар факторлар бар. Қарулы күштердің саны, техникалық жарақтандырылуы, кәсіби жетілуі деген сияқты мәселелермен қатар, халықтың саны, елдің аумағы, логистика, резервтер, адам басына шаққандағы ЖІӨ деген сияқты 50-ден астам фактор ескеріледі.
Сол себепті, біз алғашқы отыздық түгілі, үздік елудің қатарына әрең ілігіп жатырмыз»,-дейді сарапшы.