ҚХА мүшесі Аскер Пириев «Басты тақырып» бағдарламасында бүгінгі Ассамблея жиынында айтылған ойларға қатысты пікірін білдірді.
«Елбасының бүгінгі жиында айтқан маңызды мәселелерінің бірі «Туған жер» бағдарламасы туралы болды. Жалпы, бұл идея баяғыдан келе жатыр, кей өңірлерде бар нәрсе. Енді бұған тапсырма ретінде қарап, шын көңілден орындау қажет», деген ойын жеткізді.
Сонымен қатар, Аскер Пириев Мемлекет басшысының Қазақ халқының интерактивті картасын әзірлеу, Ассамблея кеңесінің діни экстремизмге қатысты іс-қимыл жоспарын әзірлеу ұсыныстарына, сондай-ақ, сананың ашықтығына қатысты пікірін білдірді.
«Сананың ашықтығына қатысты бірнеше қадамдар жасауымыз керек. Кейбір қадамдар кеш қалған болуы мүмкін. Оның біріншісі – латын әліпбиі. «Латын әліпбиіне өту» деген тіркес қате, біз латын әліпбиіне қайта ораламыз. Сондай-ақ, бұл шетелдіктер үшін деген түсініктен арылу қажет. Латын әліпбиіне оралу - бірінші кезекте өзімізге қажет», дейді А.Пириев.