Қазақстанды зерттеген алғашқы еуропалық 1847 жылы ұлы дала жеріне аяқ басқан британиялық саяхатшы әрі зерттеуші Томас Аткинсонның бастан кешкендері ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған бейнебаянға арқау болды. Бұл түсірілімді қараша айының ортасынан бастап BBC World телеарнасы көрсете бастайды. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Томас Аткинсон – ХIX ғасырда Орта Азияға саяхат жасаған алғашқы еуропалық зерттеушілердің бірі. Оның ерекше еңбектері сол уақыттағы көшпенді халықтың тұрмыс-тіршілігін бейнелеген. Ерлі-зайыптылар сапар шеккен жерлердің бірі – Қапал. Ол қазіргі Алматы облысы, Жоңғар Алатауының маңайында орналасқан. Дәл осы жерде саяхат басталғаннан кейін 2 ай өткен соң Аткинсондар ұлды болады. Баласының есімін Қапал ауылындағы бұлақтың құрметіне Алатау-Тамшыбұлақ деп қояды. Бейнебаянда тарихи көріністер Қазақстанның бүгінімен байланыстырылады. Британиялықтар елордамыз туралы, ұлттық салт-дәстүрлеріміз жайлы баяндайды.
«Біз қазақ халқы мен ұлан байтақ даланың әр алуандығын көрсеткіміз келді. Бейнебаянның мақсаты – Қазақстанның 25 жылда жеткен жетістіктерін әлемге паш ету. Қазақ елінің бірнеше ғасырлық тарихы мен бай мәдени мұрасы бар. Біздің ойымыз – серпінді дамып келе жатқан мемлекет екендігін насихаттау. Бейнебаянның түсірілімі Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ британиялық зерттеуші Томас Аткинскон саяхаттаған Алматы облыстарында жүргізілген. Көрсетілімге Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ержан Қазыханов пен «Экспо-2017» халықаралық көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев қатысты. Айтпақшы, ВВС де халықаралық көрмеге қызығушылық танытып отыр. Қазір осы шараны ақпараттандыру мәселелері төңірегінде басқа да медиа-компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр», — деді BBC Worldwide вице-президенті Лори Сачсицки.
Ал «Экспо-2017» халықаралық көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев: «Біз қазір BBC-мен әріптестік келісімді әзірлеуге кірістік. Олар көрме кезінде өтетін барлық халықаралық шараны және туристік мүмкіндіктерімізді паш еткісі келеді. «Экспо» тұсаукесерін Парижде өткізген кезде New York Times көрмеге шақырылғанын білеміз. Сол себепті CNN мен Euronews те көрмені ақпараттандырады деп сенеміз. Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен «Мәңгілік ел» идеясын насихаттауға арналған бейнебаян ғаламдық ВВС телеарнасында Travel Show және World Business Report бағдарламалары аясында эфирге шығатын болады. Фильмнің көрсетілімі Еуроодақ, Таяу Шығыс, Орталық Азия және Азиаттық-Тынық мұхит аймағы елдерінің миллиондаған көрермендерін қамтымақ»,-деді.