Деректерге жүгінсек, әлемде кітап оқу жөнінен бірінші орында – ағылшындар, екінші орында – немістер, үшінші орында – америкалықтар, төртінші орында жапондар тұр екен. Өкініштісі, біз, қазақтар кітапты ең аз оқитын халықтар санатында екенбіз. Аз уақыт бұрынғы есеп бойынша әдеби кітаптың өзін қолына алмайтын адамдардың үлесі 43 пайызға жеткен…
Халықаралық кітапханалар ассоциациясының мәліметінше, дүниежүзі бойынша 569 600 кітапхана бар екен. Бүгінгі таңда «кітапхана континенттерінің» тізімін Еуропа бастап тұр. Бұл құрлықта әр күн сайын 440 мыңнан астам кітапхана оқырманға есік ашуда. Ал, Солтүстік Америкада бұл көрсеткіш 125 мыңның маңайында. Кітапхананың аздығы жағынан артта қалған ел – Африка. Қара құрлықта небәрі 1200 кітапханалық бөлімшелер қызмет көрсетеді екен.
Әлем бойынша кітапханалардағы абонементтер 2,5 миллиард адамнан асады. Бұл орта есеппен алғандағы Жер тұрғындарының үштен бір бөлігі.
Өркениеттің дамуы кітап өндірісіне айтарлықтай зиян шектірмесе де, баспа өнімдеріне деген сұранысты азайтқаны рас. Өмірімізге кибертехнологиялық жетістіктердің дендеп еніп, түбегейлі орнығуы оқырман үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Қатпарлы, қалың кітаптардың орнын пышақтың қырындай ғана электронды қондырғыларға енген шығармалар басты. Жалғыз бізде ғана емес, жалпы әлем елдерінде қалыптасқан жағдай осындай. Бұл ахуалдың дүниежүзі кітапханашыларын алаңдатып отырған жайы бар. Бірақ, қағаз өнімдерінің өмір сүру дәуірі аяқталды деуге де әлі ерте…
Алматы қаласындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Ғазиза Құдайберген қазіргі уақытта «Кітап оқылмайды. Кітапханаға адам келмейді…» деген пікірге үзілді-кесілді қарсы.
Оның мысалы ретінде Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының өзінде ғана 160 000 оқырман тұрақты тіркеуде тұратындығын айтады. Тіпті, осы кітапханадағы қызмет көрсетудің есебі бойынша, жыл басынан бері ізденуге, оқуға келгендердің ұзын саны 584 000 адамнан асып отыр.
Бұл қаладағы бір ғана кітапханаға қатысты жағдай. Еліміздің мәдени астанасы саналатын мегаполисте жалпы қазақстандық оқырмандардың жартысына жуығы тұратындығын ескерсек, «Алматы – оқырман қала» деуге толық негіз бар. Арғы жылы Алматыдағы Ұлттық кітапхана оқырмандары арасына сауалнама жүргізілгенде жалпы кітап оқушылардың үлесі былайша жіктеліп еді: ғалымдар – 9,5 пайыз, қызметкерлер – 5,5 пайыз, студенттер – 73 пайыз және басқа да топтар 5 пайыз шамасында. Ал кітапханаға келу жиілігі тұрғысынан алғандағы көрсеткіш: күн сайын келетіндер – 10 пайыз, аптасына келушілер – 54 пайыз, айына бас сұғатындар –29,5 пайыз және жылына бір-екі рет келетіндер 6,5 пайыз болып анықталған болатын.
Өкініштісі, республика кітапханашыларына бұл қуанышты сәт бұйырмай келеді. Тіпті, елімізде кітапхана ісінің қызметін толық айқындайтын арнайы заң жоқ. Қазіргі кітапхана жүйесі «Мәдениет туралы» Заңның шеңберінде қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, байтақ еліміздегі 7190 ауылдың қақ жарымында, дәлірегінде 3106 елді мекенде кітапхана тапшылығы тағы сезіледі…