Астана көшелеріне 10 мыңнан астам көшет отырғызылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана көшелеріне 10 мыңнан астам көшет отырғызылды

24.09.2016
Астана көшелеріне 10 мыңнан астам көшет отырғызылды

Бүгін Астанада 10 мыңнан астам көшет отырғызылды. Бұл «Астана – таза қала!» жалпықалалық сенбілігі аясында ұйымдастырылды.

Ағаш отырғызғандардың қатарында Астана қаласы әкімі Әсет Исекешев те бар. «Бәріміз де қаламызды жақсы көреміз, елордамызды тазартуға және көркейтуге үлес қосайық. Сенбіліктер өскелең ұрпақты да, ересектерді де тазалыққа тәрбиелейді. Осылайша, біз қаламызға деген сүйіспеншілігімізді жеткізіп, патриоттық танытамыз», – деді Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев.

Әкімнің айтуынша, қалалық билік елорданы көгалдандыру, барлық аудандарда және шағын аудандарда гүлбақтар мен саябақтар санын арттыруды өз алдына міндет етіп отыр.

Жалпықалалық сенбілікке 89 мыңнан астам адам, соның ішінде кәсіпорындар мен ұйымдардың 4 мыңға жуық қызметкері, 45 жоғары және орта арнайы оқу орны, 133 мектепке дейінгі және білім беру мекемесі қатысты, 430 арнайы техника тартылды.

Сенбілікке қатысушылар Алматы ауданында Ұлттық музей аумағына, Есіл ауданында «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы айналасына, сондай-ақ, Еңбекшілер көшесінен «Тельман» тұрғын алабына дейін, Сарыарқа ауданында Сарыбұлақ өзенінің жағалауына ағаш екті. Сонымен қатар, білім, денсаулық сақтау мекемелерінің, кәсіпорындар мен тұрғын үй кешендерінің аумағына да ағаш отырғызылды.

Айта кетсек, Астанада қаланы санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі күзгі экологиялық айлық 12 қыркүйектен басталған болатын. Шара 12 қазанға дейін жалғасады.

egemen.kz

Хабарламаларға жазылу