Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов 79 жасында өмірден озды.
Бұл туралы И.Каримовтың қызы Лола Каримова-Тилляева Инстаграмдағы парақшасында хабарлады.
Мемлекет басшысының жерлеу рәсімі 3 қыркүйек күні Самарқандта өтеді. Жерлеу рәсімін ұйымдастыру комиссиясын Өзбекстанның премьер-министрі Шавкат Мирзиеев басқарды. Бірқатар БАҚ ел үкіметі мен парламентінің хабарламасына сілтеме жасап, мемлекет басшысының қазасына байланысты елде үш тәулік қаралы күн жарияланады деген ақпарат таратып жатыр.
Бұған дейін, 2 қыркүйек күні Өзбекстан Президентінің сайтында Министрлер кабинетінің Каримовтың денсаулығына қатысты хабарламасы жарияланды.
Онда өткен сенбіде инсульт алғаннан кейін ауруханаға жатқызылған Мемлекет басшысы Ислам Абдуганиевич Каримовтың жағдайы күрт нашарлап кеткені айтылған.
Ислам Каримов 1938 жылы 30 қаңтарда дүниеге келген. Ол жас кезінде өнеркәсіп саласында істеген. Кейіннен Өзбекстан КСР-ның Мемлекеттік жоспарлау мекемесіне ауысқан. Осы жерде мекеменің төрағасы лауазымына дейін өскен. 1986 жылы Ислам Каримов Кашкадарь аудандық партия комитетін басқарды, 1989 жылы Өзбекстанның Коммунистік партиясының бірінші хатшысы болып тағайындалды. Кейіннен, республика тәуелсіздік алғанда 1991 жылы ел президенті болып сайланды.
Каримов бірнеше мәрте мемлекет басшылығына қайта сайланды, кейіннен президенттік өкілеттілігі бес жылдан жеті жылға ұзартылды. Соңғы сайлау 2015 жылдың наруыз айында өтті.
Тәуелсіз Өзбекстан республикасының білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін Ислам Каримовқа "Өзбекстан Қаһарманы» атағы берілген. Сондай-ақ ол «Мустакиллик» және Әмір Темір медальдарымен марапатталған.
Одан бөлек, И.Каримов бірқатар мемлекеттердің және беделді халықаралық ұйымдардың ордендерімен, медальдарымен және құрметті атағымен марапатталған.