Елбасы Нобель сыйлығының лауреаттарымен және халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы Нобель сыйлығының лауреаттарымен және халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесті

26.05.2016
Елбасы Нобель сыйлығының лауреаттарымен және халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесті

Кездесуге Нобель сыйлығының лауреаттары Т.Сарджент, К.Писсаридес және Э.Прескотт, Еуропа қайта құру және даму банкінің президенті С.Чакрабарти, экономист, АҚШ Президенті Р.Рейганның және Ұлыбритания Премьер-министрі М.Тэтчердің бұрынғы кеңесшісі А.Лаффер, Колумбия университеті Жер институтының директоры Д.Сакс, Массачусетс технология институтының экономика профессоры Д.Аджемоглу, Кембридж университетінің экономика профессоры Чанг Ха-Джун, экономист Хунбин Сун, «Boston Consulting Group» директорлар кеңесінің төрағасы Х.-П.Бюркнер, JP Morgan Chase International директорлар кеңесінің төрағасы Д.Френкель қатысты.

Мемлекет басшысы мұнай, газ және басқа да табиғи ресурстардың жоғары  бағасы өткен күннің еншісінде қалып бара жатқанын айтты.

– Қазақстан сияқты мемлекет үшін бұл зор сын-қатер. Мұндай ахуал дамудың балама жолдарын іздеуге мәжбүрлейтіндіктен, мұның оңды тұсы да бар. Ешбір ел мұнай мен газ есебінен ғана жоғары деңгейде қала алған жоқ. Бізге экономикамызды әртараптандыру үшін қаражаттың қажетті көлемін жинақтау керек болды, біз солай істедік. Ал соңғы алты жыл бойында біз өңдеуші өнеркәсіптің үлесін арттыру үшін елді индустрияландыру ісін белсене жүргізіп жатырмыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті жаһандық дамудағы қарқынды өзгерістерге назар аударды.

– Бүгінде әлемдік капиталдың ширек бөлігін «сандық» экономика құрайды, «жасыл» технологиялар үдетіле түсуде. Әлемде іштен жану двигателінің заманы өтіп бара жатқаны туралы айта бастады, электромобильдер сатып алушылардың қатары қарқынды түрде артып келеді. Осындай ауқымды өзгерістер нақты шындыққа айналып, адамдардың қиялына қозғау салуда. Ақпараттық теңсіздік ұлғаюда, дүниенің бір мүйісінде сандық нейрохирургия қалыптастыру туралы ойластырып жатқанда, екінші мүйісіндегі адамдар әлі компьютерді де көрген жоқ, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық экономика жағымсыз геосаяси ықпалдардың қысымына ұшырап жатқанын да айтты.

– Бұлардың қатарына әскери қимылдарды, босқындар легін, террорлық актілерді, санкциялық текетірестерді қосуға болады. Бұл ретте жаңа экономикалық жағдай сын-қатерлермен бірге мүмкіндіктер көзіне де жол ашады. Кім пайдалана білсе, сол ұтады, – деді Қазақстан Президенті.

 

Мемлекет басшысы жаһандық дамудың қазіргі сатысында әлемдік деңгейдегі сарапшылардың пікірінің айрықша мәні бар екенін айтты.

– Бүгінде халықаралық аренадағы өзара сенім жоғалып барады, бұл – тепе-теңдік үшін қауіпті үрдіс. Осының бәрі қақтығыс қатеріне әкелуі мүмкін. Сондықтан мен БҰҰ мінберінен барлық елді қақтығыссыз әлем қалыптастыруға күш жұмылдыруға шақырдым. Біздің міндетіміз – жер бетінде орнықты әрі тұрақты дамуды қамтамасыз ету, прогресс үшін озық шешімдер әзірлеу. Дағдарыс – өзгерістер кезеңі. Адамзат ортақ күш-жігер мен пікір алмасулар арқылы бұл жағдайдан шығудың шешімін табатынына сенімдімін. Бұған төртінші индустриялық революция арқылы, 15-20 жылдан кейін әлемді өзгертетін мүлде жаңа технологияларды енгізу арқылы қол жеткізілуі мүмкін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесуге қатысушылар жаһандық саяси және экономикалық дамуға, ақша-валюта жүйесінің перспективаларына қатысты көзқарастарын білдіріп, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді шешуге байланысты өз ойларын ортаға салды. Олар біздің елде жүзеге асырылып жатқан, Қазақстанды жан-жақты дамытуға ықпал етуі тиіс реформаларға қатысты алған әсерлерін де айтып берді.

Хабарламаларға жазылу