Бангладеш билігі төніп келе жатқан «Роану» тропикалық циклонына байланысты елдің оңтүстігінде 2,1 млн-ға жуық адамды қауіпсіз жерге көшіріп жатыр. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады.
Бангладештің метеорологиялық департаментінің болжамы бойынша, табиғаттың дүлей күші 21 мамырда елдің Мьянмамен арадағы шекара аумағын шарпып өтпек. Елде қауіптіліктің 10 балдық бағамы бойынша жетінші деңгей белгіленді.
«Билік тұрғындарды көшіру туралы хабар таратты, сондай-ақ кемелерді қауіпсіз аудандарға апаруға қожайындарына кеңес берілді. Табиғи апаттардың алдын алу министрі Камаль Шахтың айтуынша, адамдарға арнап мыңдаған орын әзірленген. «Жергілікті биліктен қырағылық танытуды өтіндік. Сондықтан 2,1 млн-ға жуық халықты қауіпсіздік жерлерге көшіру ойдағыдай өтеді», – деді ол.
160 млн халқы бар осынау оңтүстіказиялық елде тропикалық циклондар кезінде жай түсу, су басу секілді табиғи апаттардан жыл сайын жүздеген адам көз жұмады. 2009 жылы «Айла» алапат циклоны Бангладеште 179 адамның өмірін қиды. 2007 жылы тағы бір циклонның кесірінен елде 4 мың адам қаза тауып, іс-түссіз жоғалып кетті.