Қазақстан мен Сенегал мәдениет, білім және спорт салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты. Бұл туралы бүгін Ақордада Сенегал Президенті Маки Саллмен кездесуден кейін бірлескен мәлімдеме жасаған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Біз сауда-экономикалық ынтымақтастыққа баса мән бердік. Біздің ынтымақтастығымыздың бұл қыры әзірше өте төмен деңгейде қалып отыр. Әрине, оған жер шалғайлығы, көлік проблемасы әсер етуде. Біз әлеуетті бағыттар ретінде энергетикалық секторды, ауыл шаруашылығын Ислам банкингін айқындадық. Бізде «ЭКСПО-2017» көрмесі өтеді. Оған Сенегал тарабының қатысатындығына үміт артамыз. Біз сонымен қатар, мәдениет, білім, спорт салаларындағы өзара іс қимылымызды кеңейтуге уағдаластық», - деді ҚР Президенті.
Осы ретте Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанның көптеген футбол клубтарында сенегалдық спортшылардың өнер көрсететіндігін атап өтті.
«Біз қол жеткізген уағдаластық, пікір алмасулар, талқыланған барлық бағыттардағы өзара іс-қимылымызды тереңдетуге септігін тигізеріне сенімдімін. Африка құрлығы біздің ғаламшардың резерві десек те болады. 300 млн. шаршы шақырым аумақта миллиард халық қоныстанған. Бұл елдердің байлығы да ұлан-ғайыр», - деп атап өтті Елбасы.