Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі бағдарламаны не Білім және ғылым министрлігі не Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеу керек.
Бүгін Астанада өткен Мәдениет және спорт министрлігінің қоғамдық кеңесінің отырысында Арыстанбек Мұхамедиұлы осы мәселені көтерді.
«Бұл бағдпарламаның бір бөлігі Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды, тағы бір бөлігі Білім және мәдениет министрлігіне қарайды. Бізді сынға алған кезде біз Білім және ғылым министрлігіне сілтейміз. Сол сияқты, Білім және ғылым министрлігі сыналса, олар бізге сілтейді. Бұл мәселеге басымен жауап беретін орган жоқ. Сондықтан, мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасын бір ведомство әзірлеп, бір ведомство жауап берсе, дұрыс болар еді»,-деді А.Мұхамедиұлы.
Министр мәлім еткендей, бұл мәселе Үкімет құлағына жеткен және жақын арада жауапты ведомство анықталуы тиіс.
«Әрине, қазақ тілінің дамуына бәріміз бірдей үлес қосамыз. Бірақ, нақты құжаттың әзірленуі мен оның нақты нәтижесі үшін бір орган жауапты болу керек»,-деп толықтырды министр.