Айман Мұсақожаева мен Рашид Нұғыманов Канн кинофестивалінің қызыл жолымен жүріп өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Айман Мұсақожаева мен Рашид Нұғыманов Канн кинофестивалінің қызыл жолымен жүріп өтті

12.05.2016
Айман Мұсақожаева мен Рашид Нұғыманов Канн кинофестивалінің қызыл жолымен жүріп өтті

Биылғы 69-шы Канн кинофестивалінде атақты Круазет жағалауындағы қызыл жолдың үстімен ҚР Халық әртісі, «Еуразия-2015» халықаралық кинофестивалінің президенті Айман Мұсақожаева мен белгілі қазақстандық кинорежиссер және продюсер Рашид Нұғыманов жүріп өтті.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақстандық мэтрлер қазақстандық павильонды ұйымдастыру мен оның жұмысына басшылық етеді.

Канн кинофестивалінде «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің, Қазақ ұлттық өнер университетінің таныстырылымынан бастап, отандық жас режиссерлердің қысқа метражды жұмыстарына дейін ауқымды қазақстандық бағдарлама ұсынылатыны атап өтілген.

Айта кетейік, отандық жас режиссерлер үшін жыл сайын беделді кинокөрсетілімдерге қатысу дәстүрге айналды. Биылғы жылы Канн кинофестивалінің  Short Film Corner қысқа метражды фильмдер бағдарламасында қазақстандық жас талантты режиссерлердің 11 жұмысы көрсетіледі. Олардың арасында ҚазҰӨУ магистранты Айдос Сейітжан түсірген «Туған» деп аталатын қысқа метражды лента да бар.

2004 жылы құрылған Short Film Corner жобасы шығармашылығын жаңадан бастаған кинематограистерге өз жұмыстарын көрсетіп, байланыстарды жолға қоюға, болашаққа ынталануына үлкен мүмкіндіктер ашады. Биылғы жылы бағдарламада әлемнің барлық түпкірінен 2000-ға жуық фильм көрсетіледі.

Біздің қазақстандық павильон Астанадағы Өнер университеті дайындайтын ұлттық қазақ киносының болашақ шеберлерімен кеңінен таныстыруға бағытталған. Павильон жұмысы аясында ҚазҰӨУ ректоры, профессор А.Қ.Мұсақожаева оқытушылармен және студенттерімен бірге университет жұмысын, сондай-ақ «Еуразия» халықаралық кинофестивалін таныстырады.

Стенділерде қазақ фильмдерінің постерлері, «Еуразия» ХКФ бейнефильмдері, студенттік фильмдердің тизерлері ұсынылады. Кинофестиваль бағдарламасы аясында барлық тілек білдірушілер Айдос Сейтжанның «Шолпан», Мансұр Баймұхамбетовтің «Пайымдаушы», Аян Найзабековтің «Ұмытпа», Рамазан Халиұлының «Қамшы» фильмдерін және басқа да жұмыстарды көре алады.

 

Хабарламаларға жазылу