Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова Астанадағы қарттар үйінде болып, Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтады.
«1945 жылдың 9 мамыры біздің елдің жылнамасында мәңгі жазылып қалмақ. Сіздердің батылдықтарыңыз бен ерліктеріңіздің, үлкен еңбектеріңіздің арқасында Ұлы Жеңіске қол жеткіздік. Туған жерінің еркіндігі үшін жанын пида еткен абзал жандардың есімі мәңгі ел есінде қалады. Соғыстан кейін сіздер өз күш-жігерлеріңізді елді көтеруге жұмсадыңыздар. Сіздердің майдандағы ерліктеріңіз бен ел дамуына қосқан еңбектеріңіз өскелең ұрпақ үшін үлгі», - деді министр Ұлы Жеңістің 71 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіске мың тағзым!» атты жиында.
Шараға ҚР Парламентінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен ардагерлер ұйымының мүшелері қатысты. Митинг кезінде ардагерлер алдында С.Нұрмағамбетов атындағы Жас ұлан Республикалық мектебінің оқушылары салтанатты сап түзеп өтті.
Тамара Дүйсенова шара барысында ардагерлермен бірге мекеме аумағында ағаш отырғызу шарасына қатысып, мерекелік концертті тамашалады. Кездесуден соң Т.Дүйсенова ардагерлерге денсаулық пен ұзақ өмір тілеп, естелік сыйлықтар табыс етті.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметтері бойынша, Астана қаласы қарттар және мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде 304 адам тұрып жатыр. Олардың ішінде 4 соғыс ардагері, 16- оларға теңестірілген тұлғалар мен 34 тыл еңбеккері бар.
ҚазАқпарат.