7 мамыр - Отан қорғаушылар күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

7 мамыр - Отан қорғаушылар күні

04.05.2016
7 мамыр - Отан қорғаушылар күні

1992 жылдың 7 мамырында Тәуелсіз елдің заңдық құқықтарының негіздеріне және Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткен келісімдерге байланысты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Жарлық бойынша Қазақстан аумағында орналасқан Қарулы Күштер  өздерінің мүліктерімен қоса, республиканың қарауына өтті.

Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде Қарулы Күштерді басқаруды Президент өз мойнына алды. Елбасынан басқа қорғаныс ісімен тікелей шұғылданатын алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник Сағадат Нұрмағанбетов тағайындалды. Осылайша, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылған 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні деп жарияланды.  Атаулы күн 2012 жылдан бастап мемлекеттік мерекелер санатына қосылды.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне жалпы мақсаттағы күштер, әуе-қорғаныс күштері, мемлекеттік шекараны қорғау күштері және де ұлттық гвардия мен ішкі әскерлер кіреді. Өз кезегінде Қарулы Күштер түрлі бөлімдерден және әртүрлі құрамалар мен арнайы әскерлерден тұрады.

24 жылдық қалыптасу кезеңінде ұлттық әскер күштері азаматтардың еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтіп, аянбай еңбек етуде.

Дәстүр бойынша, Отан қорғаушылар күнінде Қазақстан Республикасының Президенті - Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Ә.Назарбаев кезекті әскери атақтар тағайындап, сала қызметкерлерін марапаттайды. Сондай-ақ, құттықтау рәсімдері өткізіледі.

Отан қорғаушылар күні құтты болсын!

 

Хабарламаларға жазылу