WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы Әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкин (34-0, 31 КО) 23 сәуір күні (Астана уақытымен 24 сәуір) америкалық боксшы Доминик Уэйдке (18-0, 12 КО) қарсы жекпе-жекке шығады. Кездесуге 2 күн қалды.
Назарларыңызға негізгі ақпараттардың шолуын ұсынамыз.
15 сәуір күні Ұлттық арна көрермендер арасында «Головкин-Уэйд жекпе-жегінің нәтижесін тап та, Samsung смартфонын ұтып ал» байқауын жариялаған болатын. Бүгінге дейін 2 мыңнан аса жанкүйер өз болжамын жасап үлгерді. Байқаудың аяқталуына да 2 күн қалды. Егер Сіз болжам жасап үлгермесіңіз, әлі 2 күн уақытыңыз бар.
Бүгін Головкин - «Канело» жекпе-жегі Dodger Stadium-да болуы ықтималдығы БАҚ беттерінде жарияланды.
Ал, кеше Сауль Альварес: «Головкин екеуіміз өзара мықтыны анықтайтын боламыз», деп мәлімдеді.
20 сәуірде Головкиннің жақын досы Ұлттық арнада жекпе-жекке сарапшы болатыны хабарланды. Сондай-ақ, ол жекпе-жекке өз болжамын жасады. Ал, Ермахан Ыбырайымов Геннадий Головкин 5-ші раундта жеңіске жететінін айтты.
Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев «Меніңше, бесінші, не алтыншы раундта. Жылдам нокаутты да күтудің қажеті жоқ. Генаға жұдырықтасу қажет қой. Дегенмен, бұл кездесуді Гена нокаутпен аяқтайды», деп өз болжамын жасады.
Кеше боксшылар Лос-Анджелесте ашық жаттығу өткізді. Сонымен қатар, Г.Головкин жекпе-жек алдында допинг тексеруден өткенін бапкері Абель Санчес мәлімдеді.
Сондай-ақ, Головкин Уэйдке қарсы жекпе-жекте Әлем чемпионы атағын 16-шы рет қорғайтын болады.
Айта кетейік, жекпе-жекті 24 сәуірде 07:00-ден бастап «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен kaztrk.kz сайты тікелей эфирде көрсетеді.