«Электронды үкімет» порталы үйден шықпай-ақ, интернет және электронды терминал арқылы мемлекеттік қызмет алуға мүмкіндік береді.
Биыл «Электронды үкімет» порталының іске қосылғанына – 10 жыл. Осы аралықта ел тұрғындарына 130 миллионнан астам қызмет көрсетілген.
Балабақша немесе тұрғын үй кезегіне тұру, мемлекеттік баж салығы мен басқа да төлемдерді өтеу үшін үйден шығудың қажеті жоқ. Электронды цифрлық қолтаңбасы бар азаматқа ғаламтор парақшасында 700-ден астам қызмет түрі ұсынылады.
Бүгінде порталда тұрғындар үшін мемлекеттік, ақпараттық және транзакциялық қызметтер болады: мұнда Сіз қандай да бір мемлекеттік қызмет туралы кез келген өзіңізді қызықтырған ақпаратты, онлайн анықтаманы ала аласыз және кезекте тұрып, уақытыңызды кетірмей, мемлекеттік баж алымын бірден төлеуге мүмкіндік бар.
Мемлекет басшысының Ұлт жоспары – «100 нақты қадамы» тұрғындарға көрсетілетін қызметтерді дамыта түспек. 4 республикалық мекеме бір жүйеде «Үкімет - азаматтар үшін» мемлекеттік корпорациясын құрады.
Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарының саны 270 болса, алдағы уақытта 496-ға жетеді. Сондай-ақ, бастаманың мақсаты - электронды қызметтер қатарын арттыру. 1-ші кезеңде 522 қызмет түрі көрсетілсе, екінші кезеңде 700-ден асады.