Бүгін «Арман қанатында» телехикаясы эфирге шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін «Арман қанатында» телехикаясы эфирге шығады

09.04.2016
Бүгін «Арман қанатында» телехикаясы эфирге шығады

Бүгін Ұлттық арнадан сағат 15:00-де «Арман қанатында» атты жаңа телевизиялық хикая эфирге шығады. Туынды 1943 жылдан бері жұмысын бастаған атыраулық мұнай өңдеу зауытының қалыптасу тарихы туралы сыр шертеді.

Көрермендер Жантөрин және Хасанов әулеттерінен шыққан мұнайшылардың өмірлік тарихының куәсі болады. Атыраудың тарихы кейіпкерлердің естеліктері мен сезімі арқылы беріледі.

Фильмнің сюжеті бүгінгі күні Тәуелсіз Қазақстанның мұнайлы астанасы атанған Атырау қаласынан басталып, өзара келісім таппай келе жатқан екі әулеттің балалары Шолпан мен Дидардың арасындағы махаббат хикаясымен жалғасады.

Отбасынан жырақта оқып жүрген екі жас бірін-бірі ұнатып қалады. Екі әулеттің арасындағы дау-жанжалды біліп өскен олар болашақта бірге бола алмайтындарын да біледі.

Уақыт өте келе, Хасановтар әулеті шетелден балалары Дидарды қайтарып алып, жеңіл өмір сүруге үйреніп қалған жас жігітті, қатаң басшының қол астындағы бригадаға қара жұмысшы ретінде жұмысқа жібереді.

Бес  бөлімнен тұратын хикаядан көрермендер махаббат, өкпе, түңілу, ескі жараның аузы ашылып, өткен ұрыс-керістер қайта басталған оқиғаларға құрылған екі әулеттің өмірін көре алады.

Хикаяны 2015 жылы «Астанателефильм» түсірген болатын. Режиссері - Бақтияр Сейітқазы. Сценарий авторы - Ләйлә Ақынжан, продюссерлері - Борис Чердабаев пен Әлия Уәлжанова.

Басты рөлдерді Төлеген Жангелдиев, Бекмұхамед Киекбаев, Ақбар Жармағанбетов, Шолпан Габдульмулинова, Әсемгүл Өтешова, Сағызбай Қарабалин, Бейбіт Құсанбаев және Гаухар Әбжапаровалар сомдайды.

Хабарламаларға жазылу