Жер сағаты (Earth Hour) — жыл сайын Дүниежүзілік Тұмса табиғат қоры (WWF) ұйымдастыратын жаһандық акция. Ол әр наурыздың соңғы сенбісінде өтеді.
Шара аясында әлемнің түкпір-түкпірінде адамдар бір сағатқа жарық пен электр құрылғыларын өшіреді. Оның мақсаты – адамзат назарын планетамыздағы климат өзгерісіне аудартып, экологиялық мәселені бірлесіп шеше алатынымызды көрсету.
Акция кезінде «Эмпайр-стейт-билдинг» (Нью-Йорк) ғимаратының, «Алтын көпірдің» (Сан-Франциско), Колизейдің (Рим), Эйфель мұнарасының (Париж) жарығы өшірілген еді. Халықаралық шарадан Қазақстан да тыс қалған емес. Мысалы осы уақытқа дейін Астанадағы «Бәйтеректің» жарығы бірнеше рет бір сағатқа сөндірілді.
Жалпы, «Жер сағаты» алғаш рет 2007 жылы Сиднейде (Австралия) өтті. Ал, келесі жылы акцияға 35 мемлекеттен 100 миллионнан астам адам қатысты. Содан бері шараға қатысушылар саны артып келеді. Мысалы, 2011 жылы оған 135 мемлекеттен 2 миллиардқа жуық адам атсалысты.
Биыл бұл жаһандық шараға қатысуға 178 ел ниет білдірген. Бұл өткен жылғыдан 6 мемлекетке артық.