Мәдениет сарайының фойесінде қонақтарды «Арыстан» кадет корпусының курсанттары қарсы алып, «Биг бенд» үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен аналар мен аруларға гүл ұсынды. Өңір әйелдерінің әртүрлі салада жеткен жетістіктері туралы он минуттық фильм көрсетілді. Бұдан кейін мінбеге облыс әкімі Амандық Баталов көтеріліп, нәзік жандыларды мерекелерімен құттықтады.
«Отан отбасынан басталады» деген ұғымға сәйкес әйелдің қоғамдағы рөлі ерекше. Өйткені, отбасының құты болған әйел - Отанға да адал қызмет етеді. Сондай құрметті жандардың қатарында жетісулық ардақты аналар, аяулы арулар да бар. Төл мерекелеріңізде Сіздерге тамаша көңіл-күй, таусылмас бақыт, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін», - деді облыс әкімі.
Ол сөзінде әйелдер қауымының облыстың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлестерін, әр салада – денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік сала, мәдениет пен спортта табысты еңбек етіп жүрген әйел азаматтарды атап өтті.
Мұнан әрі салтанаттты жиын «Сезімге толы гүл көктем» атты концертпен жалғасты. Концертке Роза Әлқожа, «МелоМен» тобы және Қазақстан эстрадасының танымал басқа да өкілдері қатысты.