Ә.Бөкейханов 1870 жылы наурыздың 5-і күні бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында туған. Бұл қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы бұрынғы Қаратал кеңшарының жеріне қарасты, 1992 жылы Ақтоғай аудандық кеңестің шешімімен Ә.Н. Бөкейханов есімі берілді.
Жасынан зерек, алғыр өскен Әлиханды әкесі Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың қолына оқуға береді. Бірақ ол молданың қолынан оқуды канағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады. Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды.
1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны «техник» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. 1890-1894 жылдар аралығында Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде оқыды.
Мұнда ол студенттік қызу пікірталастарға қатысып, XX ғасырдың босағасын аттағалы тұрған Ресейдің қандай жолмен дамуы тиімді болатындығы туралы қайшылықты пікірлер қақтығысына куә болып, өз ойын да шыңдай түсті.
«Әлихан Бөкейханов - XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көшбасшысы. Ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі тұлғасы. Ол - қозғалыстың міндетін, мақсатын, стратегиялық, тактикалық күрес құралдарын анықтаған адам»,- дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді.
Сол кездері ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов бірегей талант иесі болды. Бұл оның азаматтығының көпқырлылығын айқындайтын қасиеттер. Осы қасиеттерінің арқасында Әлихан Нұрмұхамедұлы қазақ зиялыларының басын бір арнаға қосып, мемлекеттіліктің қалыптасуы үшін аянбай тер төкті.
Тарихшы профессор Мәмбет Қойгелді Әлихан Бөкейхановтың тағдырын қазақ ұлтының өмірінен бөліп қарау мүмкін емес екенін айтады.
«Ол себебі ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі болатын. Кез келген ұлт-азаттық қозғалыстың көсемінің тағдыры осылай қайғылы аяқталған. Тіпті, Ресей аумағындағы ұлттардың Әлихан Бөкейханов сияқты көсемдерінің тағдыры басқаша болуы мүмкін емес еді», - дейді ол.
Әлихан Бөкейханов қазақ журналистикасының қалыптасуына, бұдан бөлек, кітап шығару ісіне де ерекше ден қойған. Оның тапсырмасы бойынша бірқатар алашордашылардың еңбектері жарық көрген.