Сені сүю – тыныштықпен тілдесу,
Сені сүю – үнсіздікпен үндесу.
Сені сүю – нұр тарату жүрекке,
Сені сүю – қуаныштан мұң кешу!
Сені сүю – шуақ шашу жанардан,
Сені сүю – жұпар жұту самалдан.
Сені сүю – өз-өзіңді ұмыту,
Табу бәлкім, өз-өзіңді жоғалған.
Сені сүю – шық боп тұну күлтеде,
Сені сүю – шоқ боп тұру білтеде.
Сені сүю – бар байлықтан бас тартып,
Суретіңді салып жату күркеде.
Сені сүю – жан алдында ақталу,
Сені сүю – жындануға шақ қалу.
Сені сүю – қасіреттен бақ табу,
Сені сүю – азаптардан шаттану!
Сені сүю – өз өртіңнен жалындау,
Сені сүю – өзге жанды сағынбау.
Сені сүю – мүсініңе бас ұрып
Мүлде басқа құдыретке табынбау!
Сені сүю – періштеге айналу,
Сені сүю – елестерге байлану.
Сені сүю – қауызында гүлдердің,
Дір-дір етіп, көбелекше ойлану!
Сені сүю – ажалымнан құтылу,
Сені сүю – ажарыңнан тұтылу.
Сені сүю – қанатына құстардың,
Үлбіреген қауырсын боп жұтылу!
Сені сүю – мәңгілікке ұмтылу,
Сені сүю – мың жығылып, мың тұру.
Сені сүю – еніп кетіп кірпікке,
Батып кету көздеріңе сұп-сұлу!