Брифинг барысында мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну барысы туралы ақпаратты ұсынған ОСК төрағасы жергілікті өкілді билік органдарына дауысқа түсетін азаматтардың белсенділіктерінің жоғары екендігін атап өтті.
Оның сөзінше, сайлау науқанының алғашқы 20 күнінде жергілікті өкілді билік органдарының сайлауына қатысуға ниет білдірушілер саны 2012 жылғы жағдаймен салыстырғанда екі еседен астам көбейген.
«Ал, 8 ақпандағы сағат 19.00-дегі жағдай бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына 4 мың 870 кандидат ұсынылды. Олардың 581-і облыстық мәслихаттарға, 21-і Астана қаласының мәслихатына, 95-і Алматы қаласының мәслихатына депутат болудан ниетті. Сонымен қатар, аудандық мәслихаттарға 3 мың 244, қалалық мәслихаттарға 929 кандидат ұсынылды»,-деді Қ.Тұрғанқұлов.
Сонымен қатар ол келтірген мәліметтер бойынша, кандидаттардың 69 пайызы ер адамдар, 31 пайызы әйел адамдар. 66 пайызының жоғары білімі бар. Округтік сайлау комиссиялары мәслихаттар депутаттығына 568 кандидатты тіркеген.