Астана әкімі Жаңа жылдағы жоспарларымен бөлісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана әкімі Жаңа жылдағы жоспарларымен бөлісті

11.01.2016
Астана әкімі Жаңа жылдағы жоспарларымен бөлісті

Қала басшысы 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген негізгі заңнамалық өзгерістерге тоқталып өтті. Мемлекеттік аппарат тиімділігін арттыруға бағытталған бірінші реформа мемлекеттік қызметті жаңғыртуға негізделеді. Әкімнің атап өтуінше, біруақытта қабылданған және өзара байланысты мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдар, жаңа Мемлекеттік қызметшілердің этикалық кодексі әрбір әкімдік қызметкерінің күнделікті жұмысында басшылыққа алынуы тиіс.    

1 қаңтардан бастап жергілікті полиция қызметі өз жұмысын бастады, оның құрамына 1,5 мыңға жуық полиция кірді. Аталған қызметтің бастығы болып бұған дейін әкімшілік полицияны басқарып келген полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев тағайындалды. Ә. Жақсыбековтың айтуынша, жергілікті полиция қызметі бірінші кезекте қоғамдық тәртіптің жағдайы үшін жауапкершілікті арттырады, сондықтан жұмыстың тиімділігі артуы керек. «Халық жол-патрульдік қызметтің жақсырақ жұмыс істей бастағанын, ал учаскелік инспекторлардың адамдарға жақындай түскенін сезінуі керек», -  деді қала басшысы.

Құрылыс саласында да айтарлықтай өзгерістер орын алды. Атап айтқанда, салынып біткен нысандарды қабылдау бөлігінде. Енді барлық жауапкершілік тікелей тапсырыс берушіге, мердігерге, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау ұйымына жүктеледі. Бірақ түрлі мемлекеттік комиссиялардың қысқартылуы қалада ғимараттар мен құрылыстар салу кезінде бұзушылықтарды мойындамауға себеп болмауы керек, деді Ә. Жақсыбеков.

«Жаңа жылда алға жаңа жоспар құрып жатырмыз, бірақ міндеттер бұрынғыдай – қалалық қызметтердің қала тұрғындарының игілігіне тиімді жұмыс істеуі, Астанада тіршілікті қамтамасыз ету және қаланы абаттандыру, сондай-ақ, елорданың әлеуметтік экономикалық көрсеткіштерін сақтау», - деді Ә. Жақсыбеков.

 

Хабарламаларға жазылу