Қостанай облысының тауар өндірушілері елордаға 400 тоннаға жуық өнім әкелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының тауар өндірушілері елордаға 400 тоннаға жуық өнім әкелді

15.10.2016
Қостанай облысының тауар өндірушілері елордаға 400 тоннаға жуық өнім әкелді

Астанада  Қостанай облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтіп жатыр. Шараға өңірдің 14 ауданы мен 3 қаласынан 74 кәсіпорын қатысуда. Жалпы, облыстан елордаға 400 тоннаға жуық түрлі өнім әкелінді, соның ішінде, көкөніс, ет, сүт және нан өнімдері және т.б.

Жәрмеңкеде азық-түлік өнімдерінің бағасы базардағыдан орта есеппен 15-20% арзан. Елорда әкімі Әсет Исекешев пен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов ұсынылған тауарлардың сапасы мен әралуандылығына көз жеткізді.

-  Біздің жәрмеңке қалалық алаңда өтіп жатыр, жақын маңда зейнеткерлер, бюджеттік сала қызметкерлері көп тұрады, олар бірнеше айға деп, өнімдерді артығымен сатып алуда. Өйткені біздің өнім сапалы әрі базар мен гипермаркеттерге қарағанда 15% арзан. Айта кетейін, біз жәрмеңкемен ғана шектелмейміз, азық-түлік өндірушілер мен ауыл шаруашылық тауар өндірушілерімізді қалалық базарларға, гипермаркеттерге делдалсыз тікелей шығару үшін Астана қаласының әкімдігімен меморандумға қол қойылды, - деді Архимед Мұхамбетов.

Оның айтуынша, келесі аптада 10-15 ірі ауыл шаруашылық тауар өндірушімен азық-түлікті Астанаға тікелей жеткізу бойынша келісім жасалады.

Қостанай облысының әкімі өңірдің алдағы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысты жоспарларымен де бөлісті.

Қостанай облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі бүгін және ертең – 15-16 қазанда өтеді.

Еске сала кетейік, бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының делегациясы елордалықтар назарына ауқымды бағдарламасын ұсынуда.

astana.gov.kz

Хабарламаларға жазылу