Мажарстанда Абай оқулары кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мажарстанда Абай оқулары кеші өтті

30.11.2015
Мажарстанда Абай оқулары кеші өтті

Аталмыш іс-шара Қазақстан Республикасының Мажарстандағы елшілігінің қолдауымен және Филология факультетінің Алтаистика кафедрасымен бірлесе отырып ұйымдастырылды.

Оқуларға қатысқан Миxай Сайбей Филология факультетінің деканы өз кіріспе сөзінде аталмыш іс-шараның маңыздылығын және оның арқасында мажар қауымы Абайдың шығармашылығымен танысуға мүмкіндік туғызғанын атап өтті.

Иштван Зимони Алтаистика кафедрасының меңгерушісі түркология еуропалық ғылым пәні ретінде ең бірінші рет Мажарстанда пайда болғанына орай, университетте қазақ тілі мен әдебиетіне үлкен мән беруде деп атап өтті.

Абай туралы дайындалған арнайы баяндамасын қазақ тілі және қазақ әдебиеті мұғалімі Раушангүл Мұқышева таныстырып өтті. Қазақ тілі мен әдебиетін  оқып жүрген мажар студенттері ақынның «Қара сөздерін», «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» сияқты өлеңдері мен поэмаларын мажар тілінде оқыды.

Сондай-ақ, іс-шарада Ференц Лист музыка академиясының студенті Айымгүл Орынбаеваның орындалуында Абайдың музыкалық шығармалары да көрермендерге таныстырылды, деп хабарлайды еліміздің Сыртқы істер министрілігі.

Еуропадағы ең ірі университтің кітапханасында Абайдың шығармалары мен қазақ әдебиеті туралы ғылыми зерттеулер көрмесі ұйымдастырылды.

Сегед қаласының университеті 1998 жылдан бері ресми түрде қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын Орталық және Шығыс Еуропаның жоғары оқу орындарының бірі.

Будапешт шахарының ең көрнекті Орталық саябағында орналасқан Астана көшесінде Абай Құнанбайұлының мүсіні орнатылғанын атап өту жөн.

 

Хабарламаларға жазылу