Қазақстан экономикасының 10 айдағы өсімі 1 пайызды құрады. Бұл туралы бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев мәлім етті.
Биылғы 10 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала нәтижесіне тоқталған министр: «Қабылданған инфрақұрылымдық дамудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының арқасында және 2015-2016 жылдарға арналған Үкіметтің шұғыл шаралары жоспары аясында Қазақстан экономикасының 10 айдағы өсімі 1 пайызды құрады»,-деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемінің 2,2 пайызға төмендеуі салдарынан өнеркәсіптік өндіріс 1,3 пайызға азайды. Өңдеуші өнеркәсіп 0,5 пайыз деңгейінде тұрақты өсімді көрсетіп отыр, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Сонымен қатар ол жоспарланған деңгейден мұнай өндіру көлемінің 1,5 млн тоннаға төмендеуі ЖІӨ-ге кері әсерін тигізетінін жеткізді. Инвестициялық капитал биыл 3,8 пайызға өскен көрінеді, бірінші кезекте ол «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы инвестициялық бағдарламаның арқасында артқан.