Бүгін Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында Нью-Йорктің «Metropolitan Classics» баспасынан ағылшын тілінде жарық көрген қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың таңдамалы жинағы мен көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» атты атақты повесінің тұсаукесері өтті.
Жоба Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен жүзеге асырылды.
Кездесуде облыс әкімі А. Баталов, Халықаралық қазақ ПЕН клубының президенті Б. Ғабдуллин, жазушы, ПЕН клуб мүшесі С. Елубай және бірқатар қаламгерлер қатысты, деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Онда сөз сөйлеген облысы әкімі Амандық Баталов: «Қазақтың бай әдебиеті әлемдік биікке көтеріліп, қазақ шығармалары ағылшын тілінде оқылатын болды. Бұл – үлкен жетістік. Бүгін міне, Хан Тәңірінің мұзбалағы, ақын Мұқағали мен «балалық шаққа саяхат» жасаған жазушы Бердібектің есімдері Нью-Йорктің төрінде аталып, қазақтың мерейін асырды. Осындай мәдени құндылықтар алмасуының берері көп деп ойлаймын, - деді.
Халықаралық қазақ ПЕН клубының президенті Бигелді Ғабдуллин де өзінің тілегін білдірді «Бүгін біз шығармашылық топпен бірге жобаның «алғашқы қарлығаштарын» «Біз – қазақтар...» деген ортақ тақырыппен таныстырып отырмыз. Қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын ағылшын тіліде сөйлету – біздің талайдан бергі арманымыз еді. Бұл мақсатымызға жұмыла жұмыс істеген шығармашылық топ пен әдебиеттің шынайы жанашырларының арқасында қол жеткіздік», - деді.
Б. Ғабдуллиннің айтуынша, туған жерінде тұсауы кесіліп отырған екі автордың да кітаптары шетелге танымал Amazon.com сайтына қойылған. Оқырмандардан сұраныс көбейген жағдайда Нью-Йорк баспасынан жинақтардың тиражын көбетіп басуға да мүмкіндік болады.
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов осы еселі еңбектің атқарылуына атсалысқан барша шығармашылық топқа алғыс айтып, қонақтарға сый-сияпат жасады. Тағы бір атап өтерлігі, облыс басшысы Талдықорған қаласындағы «Жастар» демалыс саябағында жасалатын сквер ішіне Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші қойылып, бұл жер Мұқағали оқулары өтетін орынға айналатынын айтты.