Қазақстан бойынша жол ережесінің бұзылуын тіркейтін 800 камера жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен дөңгелек үстел барысында ҚР ІІМ Әкімшілік полициясы комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңесбаев мәлім етті.
«Жол қозғалысын бақылаудың автоматтандырылған жүйесі енгізілуде. Бүгінгі күні еліміздің жолдарында жол жүру ережесінің бұзылуын тіркейтін 800 камера орнатылған. Бұған қоса, Қазақстанның 14 қаласында 50 көше қиылысында интеллектуалды жүйе жұмыс істеп тұр. Толықтай алғанда, мұндай жүйелерді қолдану жол қозғалысын байланыссыз бақылауға көшуге мүмкіндік береді және бақылауға алынған учаскедегі жол-көлік апаты санын төмендетеді», - деді Ә.Кеңесбаев.
Болашақта «Smart Astana» жобасы аясында бүкіл қаланы 10 мыңнан астам камерамен жабдықтау жоспарланған.