ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті «Кселл» АҚ-ға қатысты монополияға қарсы заңнаманы бұзушылықты тергеуді аяқтады.
Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тергеу барысында аталмыш ұялы оператор «Қазақтелеком» АҚ - тіркелген телефон байланысы телекоммуникациялық операторы желісі арқылы кіріс телефон трафигін (қоңырауларды) өз желісіне өткізуді негізсіз шектеген. Яғни, «Қазақтелеком» АҚ желісі арқылы өтетін халықаралық байланыс операторлары телефон нөмірлерінің «Кселл» АҚ ұялы компаниясының нөміріне қоңырау шалуы мүмкін болмады.
Алматы қаласы әкімшілік сотының 2015 жылғы 1 қазандағы қаулысымен «Кселл» АҚ сомасы 252 660 251 теңге айыппұл төлейтін болды. Сот шешімі заңды күшіне енді.
Ұялы операторға салынған айыппұл толық көлемде төленді.