Қызылорда қаласында ұлттық спорт түрлерінен ҚР ІV фестивалі өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда қаласында ұлттық спорт түрлерінен ҚР ІV фестивалі өтуде

15.10.2015
Қызылорда қаласында ұлттық спорт түрлерінен ҚР ІV фестивалі өтуде

Қызылорда қаласында Қазақ хандығының 550-жылдығына және Қазақстан халқы Ассамблеясының жылына арналған ұлттық спорт түрлерінен ҚР ІV фестивалі өтуде. Оған Астана, Алматы қалалары мен барлық облыстардан 2000-ға жуық спортшы қатысуда.

Төрт жылда бір ұйымдастырылатын фестиваль бағдарламасында бәйге, қазақ күресі, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, тоғызқұмалақ, асық ату, құсбегілік, жамбы ату, жекпе-жек секілді спорттың 13 түрінен жарыс болады. Бұл туралы бүгін облыстық коммуникация орталығында өткен брифинг барысында облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы Садық Мұстафаев мәлім етті.

Сондай-ақ, жиынға ойындардың бас төрешісінің орынбасары Сейдолла Жеңісұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Ұлттық спорт түрлері басқармасының басшысы Мақсат Қойшыбаев, ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының атқарушы директоры Ерлен Оспанов қатысты.

Елімізде ұлттық спорттүрлерін дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды отансүйгіштікке және халықтар арасында достық пен татулықты нығайту, ең бастысы ұлттық спорт түрлерін дамытудағы ең мықты өңірді анықтау мақсатында өткізіліп жатқан  фестивальдің ресми ашылуы 16 қазан күні сағат 17.00-де орталық стадионда өтеді.

Спорттық шаралар Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда, «Еуразия» спорт кешенінде, «Мұз айдыны» және «Нұрсәт» теннис орталығында өтеді.

Хабарламаларға жазылу